28.11.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Тарихи құлдырау: «Шахтер» ҚПЛ-дан неге шығып қалды?

Айбар Рысдаулет
Айбар Рысдаулет
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қазақ футболының тарихында алғаш рет «Шахтер» Премьер-лигадан шығып қалды. Тұрақтылықтың нағыз нышанына айналған, әр маусымда жүлделі орынға таласатын команда келесі жылы Бірінші лигада бақ сынайды. Бұған не себеп? Sport-Pulse анықтап көрмек.

Кейінгі үш-төрт маусымда «Шахтер» сүреңсіз ойын көрстті. Жыл өткен сайын нәтижесі төмендей берді. 2020 жылы жүлделі орынға бір қадам жетпей, төртінші сатыға жайғасқан еді. Содан бері екі мәрте 7 орын алса, былтыр 10 орынға бір-ақ түсті. Ал биыл соңғы орын алып, Премьер-лигадағы орнын жоғалтты.

Маусымды сәтсіз бастады. Алғашқы турда чемпион «Ордабасыдан» бес гол жіберді. Ал үш тур қатарынан жеңіліс тапқан соң бас бапкер Игорь Солошенко қызметінен кетті.

Оның орнына клуб ардагері Андрей Финонченко келіп, жағдайды түзеуге тырысты. Алайда қажетті бапкерлік категориясы жоқ ол, орнын Константин Емельяновқа беруге мәжбүр болды. Құрамында кіл жастар жиналған команда аракідік жақсы нәтиже көрсетіп тұрды. «Астана» мен «Тобылды» тізе бүктіргенін атап өту қажет.

Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан «Шахтер» қаржы жинаудың орнына шашумен әуре болды. Сол кездегі клуб басшылығының біліксіздігінен былыққа батудан басқа жол болмады. Бұл ұзақ жылдар бойы қарыздан құтылудың орнына көбеюге әкелді.

Ал карантиннен кейін қазақ футболы түбегейлі өзгеріп, бюджет ақшасы қысқарды. Бұл онсыз да ауыр халде болған «Шахтердің» жағдайын одан ары асқындырып жіберді. Облыс тарапынан қолдау таппай, ондағылар клубты «шетелдік ойыншыларды асырау қорына айналды», деп айыптады.

Биыл «Шахтердің» статитикасына көз жүгіртіп өтсек. Премьер-лигада бар болғаны екі матчта жеңіске жеткен. Төрт ойында тең түскен. Ал қалған ойындардың барлығында жеңіліс тапқан екен. Қазақстан Кубогындағы алғашқы ойынында «Елімайға» есе жіберді. Ал Лига Кубогында 3 ұпаймен D тобының соңында қалды.

Құрамдағы ойыншылардың дені шетелдік легионерлер. Алайда олардың деңгейі жергілікті футболшылардан жоғары деп айту қате. Бұған қоса, клуб басшылығы бір маусым ішінде клуб үш түрлі бапкер ауыстырды. Бұл тұрақсыздық ойын сапасына да әсер етті.

Жаңа маусымды команда Бірінші лигада бастайды. Клубты 2025 жылғы маусымға чехиялық маман Иржи Ярошик дайындайды. Ол «Челси» және «Селтик» сияқты беделді клубтарда ойнаған тәжірибелі жаттықтырушы. Дегенмен, жаңа регламент шетелдік мамандарға Бірінші лигада бас бапкер болуға тыйым салады. Міне, қызық.

Сондай-ақ келер жылдан бастап ел бюджетінен легионерлерді қаржыландыруға тыйым салатын заң күшіне енеді. Бұл клубтың болашақ стратегиясын толықтай қайта қарауға мәжбүр етеді.