Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

Святослав Осипов: «Астанадағы бокс кешінің жарқын жұлдызы — Сұлтан Зәуірбек»

vRINGe.com порталы бас редакторының орынбасары Святослав Осипов Астанада өткен кәсіби бокс кешіне қатысты сарапшылық пікірін білдірді.

«Турнирдің ең үздік өнерін Сұлтан Зәуірбек көрсетті. Оның деңгейі — ең алдымен қарсыластың деңгейімен өлшенеді. Ал Фузиле — өте жылдам, маневрлі, ойлы әрі техникалық шебер қарсылас. Зәуірбектің осындай боксшыға қарсы айқын басымдық көрсетуі — оның жоғары класын дәлелдейді», — деді сарапшы.

Осипов Баходир Джалоловтың өнеріне де баға берді. Оның пікірінше, өзбек боксшының жетістігі күмән тудырады:

«Шевадзуцкийге қарсы жекпе-жек Джалоловтың техникалық арсеналының шектеулі екенін көрсетті. Ауыр салмақтағы жетістіктері көбіне қарсыласты дұрыс таңдаудың арқасы сияқты», — деді ол.

Батыр Жүкембаевтың жекпе-жегі де сарапшы назарына ілікті.

«Қарсылас дұрыс таңдалмаған. Кейн Гарднер рингте тек аман қалуға тырысты. Бұл Батырға өзінің толық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік бермеді», — деп атап өтті Осипов.

Балауса Мүздіманның өнеріне жоғары баға берілді. Сарапшы оны әлемдік әйелдер боксының үздік-20 қатарына қосып, халықаралық деңгейдегі мансапқа әлеуеті бар екенін айтты.

Ал кәсіпқой рингте алғаш рет өнер көрсеткен Төрехан Сабырханның дебюті сарапшы тарапынан «техника мен көрермендік қызығушылықтың мінсіз үйлесімі» деп сипатталды.