Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

Сұлтан Зәуірбек WBC рейтингінде 12 сатыға көтерілді

Sports.kz мәліметінше, қазақстандық кәсіпқой боксшы Сұлтан Зәуірбек WBC ұйымының екінші жартылай жеңіл салмақтағы жаңартылған рейтингінде 28-орыннан 16-орынға көтерілді.

Бұл айтарлықтай серпіліске Зәуірбектің Астанада өткен соңғы жекпе-жегіндегі жарқын жеңісі себеп болды — ол оңтүстік африкалық Азинга Фузилені сенімді түрде жеңіп, кәсіпқой мансабындағы 20-шы жеңісіне қол жеткізді. Оның 13-і нокаутпен аяқталған.

«Қазақ королі» лақап атымен танымал боксшы енді WBC тұжырымы бойынша белбеу үшін күресуге бір қадам жақындады. Бұл салмақтағы қазіргі чемпион — америкалық О’Шаки Фостер.

Үміткерлер рейтингінде мексикалық Эдуардо Эрнандес көш бастап тұр, одан кейін филиппиндік Марк Магсайо мен тәжікстандық Мұхаммадхұжа Якубов орналасқан.