13.03.2025
Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Португалдық маман қазақстандық футболдың төрешілер департаментін басқарады

Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нуну Алешандре Паррейра де Каштру ҚФФ-ның Төрешілік және инспекциялау департаментінің директоры болып тағайындалды.

52 жастағы португалдық маман — еуропалық футболда үлкен тәжірибесі бар кәсіпқой. 34 жылдық мансабында ол Португалия мен Бельгия футбол ұйымдарының төрешілік департаменттерін басқарды. Сол жерде төрешілерді тағайындау және VAR жүйесін енгізу процесіне жауапты болды.

УЕФА-мен ынтымақтастық де Каштруға төрешілік саласында мол тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Ол CORE бағдарламасының нұсқаушысы болып, Англия, Ирландия, Украина және Швецияның жетекші турнирлерінде төрешілерді инспекциялады. Инспектор ретінде 170-тен астам халықаралық матчқа қатысып, УЕФА сарапшысы ретінде 100-ден астам ойынға талдау жүргізді.

Қазіргі уақытта португалдық маман УЕФА құрылымында бірнеше қызметті қатар атқарады. Ол — техникалық бақылаушы, төрешілік конвенция комитетінің мүшесі және төрешілер корпусының өкілі.