26.12.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Назым Қызайбай: «Басты мақсатым – 2025-ші жылғы Әлем чемпионатында топ жару»

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Парижде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы, 14-ші рет Қазақстан чемпионы атағын қанжығасына байлаған боксшы Назым Қызайбай Sport-Pulse спорттық порталына берген сұхбатында 2024-ші жылды қортындылап, алға қойған мақсатымен бөлісті.

— Назым, биылғы жыл сіз үшін қалай өтуде? Қол жеткізген нәтижеңізге қанағат тұтасыз ба?

— 2024-ші жыл мен үшін жақсы өтуде. Спорттық мансабымда жарқын жетістіктерге жеттім деп ойлаймын. Ең бастысы армандаған олимпиада медалін иелендім. Бұл үшін қаншама жыл еңбектеніп, тер төгуге тура келді. Әрине, қол жеткізген нәтижеге қуаныштымын, қанағат тұтамын, шүкір етемін.

Сіз биылғы Қазақстан біріншілігінде 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, чемпион атандыңыз. Жеңіс жолында қандай қыйындықтар кездесті?

— Қазақстан біріншілігінде бұрынғы өзімнің ескі салмағыма түстім. Ең бастысы салмақты дұрыс түсіріп, барынша күшімді сақтап қалуға тырыстым. Енді қанша жыл спортта жүрсем де, салмақ қумағам едім, үнемі салмақ жетпей керісінше салмақ қосумен қиналатынмын. Осы жолы да қиындығы салмақ жағы болды, оны қуу, реттеумен айналыстым. Жалпы, тәжірбиенің арқасында ел біріншілігінде жеңіске жетеміз деген ой болды. Үш жекпе-жек өтті, үшеуінде де жеңіске жетіп, чемпион атандым.

— Ақтық сында қарсыласыңыз Ақбота Болат жарақаттың салдарынан жекпе-жектен бас тартыпты. Ол туралы не дейсіз?

— Иә, финалдық жекпе-жекте қарсыласым шаршы алаңға шықпады. Себебі, көзі қатты жарақаттанған. Ақбота Қызылорданың қызы. Оны жақсы танимын, бірге жаттығып та жүрміз. Менің ойымша, егер ол жекпе-жекке шыққанда үш раундта да бокстасатын едік. Жалпы біздің жас қыздарымыздың көрсеткіштері жаман емес, әлі де өседі деп ойлаймын. Сондықтан енді біз де еңбектенеміз, бірге жаттығамыз, дайындаламыз. Ең бастысы еліміздің абыройын халықақаралық ареналарда қорғау.

— Алға қойған қандай жоспар мен мақсат бар?

— Жыл басында оқу-жаттығу жиыны жоспарлануда. Оған дейін өзіміз Алматыда жаттығамыз. Жеке бапкерлерімізбен бірге қателерді түзеу жұмыстарын жүргіземіз. Ал ең негізгі мақсатым, 2025-ші жылғы Әлем чемпионатында жақсы өнер көрсету.

— Жаңа жылды қалай қарсы алмақсыз?

— Жаңа жылды үйде отбасымен қарсы аламын. Ал түнгі он екіден кейін достарымызбен жиналамыз. Осы жылы қалай болатыны әзірге белгісіз. Жаңа жылға жақындағанда көрерміз ол жағын.