14.03.2025
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қызайбай, Балқыбекова және Тәліпова жеңіске жетеді – комментатор қазақстандық боксшылардың ӘЧ финалына шығу мүмкіндігі жайлы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
Қызайбай, Балқыбекова және Тәліпова жеңіске жетеді – комментатор қазақстандық боксшылардың ӘЧ финалына шығу мүмкіндігі жайлы

14-наурызда Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатының жартылай финалы өтеді.

Қазақстан құрамасынан алты спортшы шаршы алаңға шығады:

  • Назым Қызайбай (48 кг)
  • Алуа Балқыбекова (50 кг)
  • Виктория Графеева (60 кг)
  • Аида Әбікеева (63 кг)
  • Наталья Богданова (70 кг)
  • Елдана Тәліпова (81+ кг)

Sport Pulse үшін Сербиядан байланысқа шығып, арнайы сұхбат берген белгілі спорт комментаторы Уалихан Қосанбай алдағы жартылай сынның жекпе-жектеріне қатысты пікір айтты.

60 кг. Виктория Графеева — Наталья Шадрина (Сербия)

– Виктория серб жанкүйерлері алдында, атағы шыққан қарсыласына мінез көрсете ала ма?

Викторияның бұл бірінші Әлем чемпионаты. Наталья Шадрина 1990-жылы Ресейде дүниеге келген. Ол азаматтығын ауыстырып, 2019-жылдан бері Сербия елінің намысын қорғайды. Әлем чемпионатына үш мәрте қатысқан. Бірақ, бұл қызды бұған дейін біздің Рима Волосенко 3:2 есебімен жеңген. Сондықтан да, Виктория Графеева бапкерлердің тапсырмасын ойдағыдай орындайтын болса, жеңіске жетуге мүмкіндігі болады деп есептеймін.

Виктория Графеева Сурет: ҚР ҰОК

48 кг. Назым Қызайбай — Хон Кен Рен (Солтүстік Корея)

– Бұл жекпе-жектің жеңімпазы кім?

Назым Қызайбай төртінші мәрте Әлем чемпионатында жүлдеге ілінді. Қазір кем дегенде қола бар. Назымды Қазақстан құрамасынан Әлем чемпионатында ең көп жүлде алған боксшы деп айтуға болады. Солтүстік кореялықтар түсініксіздеу. Әр жасқа әр түрлі боксшыларын алып келеді. Хон Кен Ренді аса бір танымал деп айтуға келмейді. Назымның бабы жақсы және ол осы кездесуде жеңіске жетеді деп сенімді айта аламын.

Назым Қызайбай Сурет: Нұрғали Жұмағазы, Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

50 кг. Алуа Балқыбекова — Ан Кум Бел (Солтүстік Корея)

– Бұл жекпе-жек Алуа үшін финал алдындағы дайындық бола ма, әлде Ан Кум Бел тосын сый жасай ала ма?

Ан Кум Бел осыған дейін Тайландта лицензиялық турнирге қатысқан. Бұл боксшыны сол жарыста Назым жеңген еді. Алуа да төртінші Әлем чемпионатында жүлде салып отыр. Осыған дейін екі қола, бір күміс болды. Кеше Алуаның өзімен де сөйлестік. Қарсыласымды көрдім, зерттедім, жекпе-жекке барлық жағынан дайынмын деді. Қазақстан алтын күтіп тұрған боксшылардың бірі. Мен өзім де Алуадан алтын күтемін. Бұл жерде де жеңеді деп сенемін.

Алуа Балқыбекова Сурет: ҚР ҰОК

63 кг. Аида Әбікеева — Елена Бабичева (Ресей)

– Аида ресейлік боксшының агрессиясын жеңіп, жекпе-жекті өз пайдасына шеше ала ма?

Аида үшінші Әлем чемпионатына келді. Жүлдегерлер қатарына қосылды, бірақ тоқтауға болмайды. Елена Бабичева Ресейдің бірінші нөмірі, соңғы өткен Ресей чемпионатының жеңімпазы. Жақсы қыз, кеше жекпе-жегін көрдік. Қарсыласы ауыр жарақаттан, жекпе-жектен бас тартты. Енді тәжірбиелі ғой Аида, сондықтан бұл жерде бабы мен бағы қатар шапса әдемі өнер көрсетіп, жақсы нәтиже тіркейді деп есептеймін.

Аида Әбікеева ©Kazakhstan Boxing Federation

70 кг. Наталья Богданова — Лиза Эдель О’Рурк (Ирландия)

– Наталья тәжірибелі қарсыласын қалай жеңе алады?

Лиза Эдель О’Рурк 2022-жылғы Әлем чемпионы. Наталья Богданова салмақты 70 келіге ауыстырғанын білесіздер. Азия чемпионы атанды. Қазір бабында. Кеше жергілікті Милена Матович деген боксшымен өте жақсы жекпе-жек өткізді. Енді бұл жерде мүмкіндіктерді 50 де 50 деп бағалауға болатын шығар.

Наталья Богданова

81+ кг. Елдана Тәліпова — Дарья Сазонова (Молдова)

– Елдана Дарья Сазоновадан басым түсе ала ма?

Елдана Азия чемпионы, ал Дарья Сазонова Еуропа чемпионы, сондықтан бұл екі құрлық чемпиондары арасындағы жекпе-жек. Мен 80-90 пайыз Елдана Тәліпова жеңіп, финалға өтеді деп ойлаймын. Өйткені, денесі жағынан Елдана ірілеу, Сазоновадан бойы биік, сондықтан да қарсыласын жақындатпай, дистанцияда ұстап, өнер көрсететін болса, Елдананы финалдан көреміз.

Елдана Тәліпова

Жартылай финал (ҚР уақыты бойынша):

19:15 – 60 кг. Виктория Графеева — Наталья Шадрина (Сербия)

22:00 – 48 кг. Назым Қызайбай — Хон Кён Рён (Солтүстік Корея)

22:15 – 50 кг. Алуа Балқыбекова — Ан Кум Бёл (Солтүстік Корея)

23:30 – 63 кг. Аида Әбікеева — Елена Бабичева (Ресей)

00:00 – 70 кг. Наталья Богданова — Лиза Эдель О’Рурк (Ирландия)

00:45 – 81+ кг. Елдана Тәліпова — Дарья Сазонова (Молдова)

Жекпе-жектерді қайдан көруге болады?

Жартылай финалдық жекпе-жектерді IBA Boxing YouTube-арнасынан тікелей эфирде көре аласыз.