20.09.2024
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қазақстанда ультрас мәдениеті қалай дамып жатыр? Ақтөбелік ультраспен сұхбат

IMG 7073

Алғашқы ультрас қозғалыстары 1960 жылдары Италияда бастау алған. Кейіннен бұл мәдениет Англия, Щвеция, Грекия және өзге де Еуропа елдері мен Латын Америка елдерінде кең етек жая бастады. Бұндай топтардың пайда болу себебі сүйікті командаларына өз алаңдарындағы және сырт алаңдардағы ойындарына қолдау көрсету, командамен жеңісте де жеңілісте де бірге болу. Ультрас топтары көбейе келе жанкүйерлер қақтығысы да арта бастады. Бұндай арнайы жанкүйерлері бар командалардың ойындарынан соң төбелес болуы үйреншікті жағдайға айналды. 

 Ел футболында жанкүйерлер қозғалысы алғаш 2000 жылдары пайда болған және барлығы да англиялық ультрас стилін ұстанады. Осы уақытқа дейін бірнеше ультрас топтары ашылып, дамуы бәсеңдеп қайта жабылып жатты. Ал біздің келесі кейіпкер ақтөбелік аты шулы «13-сектордың» Алматыдағы филиалы болып табылатын «West Wind» қозғалысының мүшесімен болғалы отыр.

IMG 7075

— Өзіңізді таныстыра өтсеңіз? Сізді бұл қозғалыста кім деп таниды? Бұл топқа қалай қосылдыңыз?

— Қозғалыстағы лақап атым әр кезде әрқалай, кейбірі Хаттаб деп таныса, басқасы Диса деп атайды. Ол атаудың да өзіндік тарихы бар. Фанаттық қозғалысқа жақын танысым арқылы келдім. Жалпы топқа қосылу жүйесі сондай, қозғалысқа өзге, бөтен адамдар келмейді, тек қана таныс арқылы кіру мүмкіндігі бар.

— «West wind» туралы кішігірім айта кетсеңіз? Қалай құрылды және мақсаты қандай?

— «West wind» фанаттық қозғалысы құрылғанда менің жасым небәрі 6-да болған, ал қазір менің жасым 21-де. Бұл қозғалыс 15 жыл тұрақты түрде өмір сүріп келе жатыр. Осы уақытқа дейін құрам бірнеше рет өзгеріп, жаңарып келеді. Жалпы «13-сектор» қозғалысының 18 жасқа дейінгі «tentek ultras», 18 жастан жоғары «urpaq ultras» және Астанадағы «04-region» атты филиалдары бар. Ал біз «сектордың» Алматыдағы филиалы болып есептелеміз.

— Әр шешімді қабылдау кезінде негізгі топ «13-сектормен» ақылдасасыздар ма?

— Ситуацияға байланысты ақылдасып, бірге шешім шығаратын сәттер де болады. Әр кезде әрқалай.

IMG 7074

— Өзге қалада өзге клубтың жанкүйері болып, ультрас ретінде қозғалу қаншалықты қиын?

— Ақтөбелік ультрас жоғары деңгейде болған соң, үлкен қалаларда белсенді филиалдары болғаны қалыпты жағдай. Әлемдік мысалға көз жүгіртіп қарайтын болсақ, барлық үлкен қозғалыстардың басқа қалаларда, тіпті басқа мемлекеттерде өздерінің филиал, топтары бар. Елімізде ультрас мәдениетінің дамуы үшін бұндай топтардың көптеп болуы маңызды.

— Қазақстандағы ультрас (жанкүйерлік) мәдениетіне көңілің толады ма?

— Қазіргі таңда Қазақстандағы ультрас мәдениеті өзінің шыңынан аса алмай тұр деп ойлаймын. Оған бірнеше факторлар әсер етеді. Бәлкім, уақыт өте келе бұл мәдениет қарқынды дамып, әрбір қалада, әрбір регионда өзіндік қозғалыстар пайда болатын шығар және оған біз сенеміз.

IMG 7076

— «Ақтөбеден» басқа қандай клубтардың жанкүйерлік топтары дамып келе жатыр деп ойлайсың?

— Бәсекелестік дамуды тудырады. Соның арқасында Астана, Алматы және Шымкент секілді қалаларда өз ультрастарының дамуына көз жеткізіп жатырмыз.

— Шетелдік ультрастар мен арақатынас қалай?

— Бізде дос жоқ. Бұл Ақтөбе қозғалысының ежелден келе жатырған қағидасы. Шетелдік болсын, Қазақстандық болсын бәріне қөзқарас бірдей. Бірақ, ескере кететін жәйт, бұл тек ультрас мәдениеті төңірегінде. Қалыпты, жай күндері қарым қатынасымыз жақсы әрі қарапайым.

 

Сұхбаттасқан: Айнат Қабидуллаев