06.02.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Ұлттық құрамада үш қорғаушымен ойнау – біздің міндеттіміз». Жаңа бапкер Әли Әлиев алдағы жоспарларын айтты

Бакдаулет Ергали
Бакдаулет Ергали
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
«Ұлттық құрамада үш қорғаушымен ойнау – біздің міндеттіміз». Жаңа бапкер Әли Әлиев алдағы жоспарларын айтты

2025 жылғы 6 ақпанда, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы болып тағайындалған Әли Әлиев алғаш рет ресми түрде журналистер алдында сөз сөйледі. Көпшілік күткен бұл баспасөз мәслихатында ол командаға қатысты негізгі бағыттарды, футбол философиясын және алдағы мақсаттарымен бөлісті.

“Қазақстан құрамасы – дамуға бейім команда”

Сөз басында Әлиев Қазақстан ұлттық құрамасының әлеуетіне жоғары баға беріп, қазіргі ойыншылардың мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдаланатынын айтты. Оның ойынша, құраманың басты күші – жас әрі тәжірибелі ойыншылардың үйлесімі.

“Бізге қайта құру емес, жүйелі даму қажет. Қазақстанда талантты футболшылар бар, тек оларды дұрыс бағыттау маңызды. Команданың рухы мықты, енді оны нәтижемен дәлелдеуіміз керек,” – деді бас бапкер.

Талап пен тәртіп – басты қағида

Әлиев өзінің жаттықтыру стилінде тәртіп пен талапты басты орынға қоятынын жеткізді. Оның айтуынша, әр ойыншы тактикалық сауаттылық пен физикалық дайындықтың жоғары деңгейін көрсетуі керек.

“Футбол – тек алаңдағы ойын емес. Ол – тәртіп, ойлау жылдамдығы және психологиялық тұрақтылық. Менің командамда әркім өз орнын білуі тиіс. Біз тек жақсы ойын көрсетіп қана қоймай, қарсыластарға қиындық тудыратын құрамға айналамыз. Егер ойыншылар оқу-жаттығу жиынына артық салмақпен келсе, ол ойыншыға ұлттық құрамада орын жоқ,” – деді ол.

Жас ойыншыларға мүмкіндік

Жаңа бапкер құраманың болашағы жастармен тығыз байланысты екенін және ҚФФ президенті Марат Омаровтың да тапсырмасы құрамды жасарту екенін айтты. Ол жас футболшыларды ұлттық құрамаға тарту үшін жүйелі жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.

“Менің мақсатым – ұлттық құрама мен жастар арасындағы байланысты нығайту. Бізге бір ғана турнирге емес, ұзақ мерзімді жетістіктерге жететін команда қажет. Сондықтан жас ойыншыларға сенім артамын. Алдағы ұлттық құрама тізімі шыққан кезде, кейбір жас ойыншыларды көріп, тіпті таңданып қаласыздар,” – деп түйіндеді Әлиев.

Бірінші сынақ – жақын арадағы ойындар

Жаңа бапкердің басшылығымен Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін келесі айда өткізеді. Алиев бұл матчтарда құраманың тактикалық әлеуетін бағалап, негізгі ойын схемаларын сынақтан өткізетінін айтты.

“Алдағы матчтар – біздің жаңа кезеңге қадам басуымыздың бастамасы. Бұл жолда жанкүйерлердің қолдауы аса маңызды. Біз бірге үлкен белестерді бағындыра аламыз. Бізде қорғаныс шебінде Нұралы Әліп, Әлібек Қасым, Әділбек Жұмаханов сынды ойыншалар бар кезде, үш қорғаушымен ойнауға міндеттіміз. Сондықтан алдағы ойындарда 3-4-3 схемасын қолдаймыз,» – деді ол.

Әлиевтің алғашқы баспасөз мәслихатындағы жауаптары оның нақты мақсаты мен ұлттық құраманы жаңа деңгейге көтеруге деген ұмтылысын көрсетті. Ендігі кезекте оның идеялары футбол алаңында қалай жүзеге асатынын уақыт көрсетеді.