23.01.2025
Оқу уақыты: 4 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Ербол Қайыров: «Мен үшін сенсация – Лейпцигтің жеңісі»

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің 7-ші тур ойындары аяқталды. Оның қортындысы бойынша, турнир кестесінде көш бастап тұрған алғашқы үш команда орындарын сақтап қалды. Бұл турда үшеуі де жеңіске жеткен. Қоржынында 21 ұпайы бар «Ливерпуль» бірінші орында тұр. Екінші сатыда 18 ұпаймен «Барселона» келеді. Үздік үштікті тағы бір ағылшындық клуб «Арсенал» (16 ұпай) түйіндеді.

Елімізге танымал футбол комментаторы Ербол Қайыров Sport Pulse спорттық порталына берген сұхбатында 7-ші турдың қортындысына қатысты өз ойымен бөлісті.

– 7-ші турдың қай матчтары сіздің ойыңызша ең қызықты және есте қаларлық болды?

– «Бенфика» — «Барселона» ойыны өте қатты ұнады. Матчтың алында болжам жасап, каталониялық ұжым жеңіске жетеді деп айтқан едім. Ал ойын барысында португалиялық ұжым басымдық танытты. Дегенмен, Флик шәкіртері қарсыластарына берілмей жеңіске жетті. Мінездің, тәжірбиенің арқасында Рафинья мен Левандовски көзге түскен. Жартылай қорғаушылар да өте жақсы ойын өрнегін көрсетті. Ал «Бенфиканы» аздап аядым. Себебі менің пікірімше, бұл команда кем дегенде тең нәтижеге жетуі тиіс еді.
Сондай-ақ, «ПСЖ» — «Манчестер Сити» арасындағы матч тартысты болды. Кездесудің бірінші жартысында екі командаға өткір пастар жетіспеді. Бірақ екінші таймда керемет ойынның куәгері болдық.

ПСЖ Манчестер Сити
ПСЖ – Манчестер Сити

– Сіз үшін қай нәтиже күтпеген жағдай болды?

– Мен үшін сенсация – «РБ Лейпцигтің» жеңісі. Осы матчты өзім жүргіздім. Басында «Спортинг» женіске жетеді деп ойладым. Себебі, бұған дейін немістің ұжымы алты рет қатарынан жеңілген. Бірақ осы матчта өздерін қолға алып, қарсылас қақпаға екі доп тоғытты. Жеңіс голының авторы – Юссуф Поульсен.

Lejpczig Sporting Foto FK Lejpczig c928529127
Лейпциг – Спортинг 

– Қай командалар сенімді ойын көрсетті?

– «Барселона» мен «Реал» командалары сенімді ойын көрсетті. Әсіресе, мадриттік клубтың шабуылшыларына жоғары баға беремін. Родриго дубльдің авторы атанды. Мбаппені де ерекше атап өтуге болады. Желтоқсан мен қаңтардағы матчтарды алып қарасақ, ол Винисиуспен алмасып сол қапталда, кей кезде шабуылшы ретінде де өте тамаша ойын көрсетіп жүр.

FC Real Madrid 1
Реал Мадрид

– Осы турдың басты қаһарманы деп қай ойыншыны атауға болады?

– Менің пікірімше, жетінші турдың басты қаһарманы – бразилиялық футболшы Рафинья. Оның арқасында «Барселона» бірнеше гол соқты. Ол Левандовскиге де керемет бірнеше пас асыра білді.

Рафинья 1
Рафинья 

– Турнирлік кестенің соңында орналасқан командалардың алға жылжу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– Бұл жерде «РБ Лейпцигті» ерекше атап өтуге болады. Бундеслигада бесінші сатыда келе жатыр. Ал Чемпиондар лигасында 30-шы орында. Бас бапкерлері Марко Розе жақсы маман екенін дәлелдеп жүр. «Айнтрахт» клубында да жұмыс істеді. Оны басқа командалардағы еңбегін де көрдік. Сондықтан, егер тағы бірнеше тур болғанда «РБ Лейпциг» плей-оффқа шығар еді, алайда өкінішке орай Чемпиондар лигасында бір ғана тур қалды.

– Қай бапкердің тактикалық шешімдері сәтті болды деп ойлайсыз?

– Осы турда Карло Анчелоттидің тактикалық шешімдері сәтті болды деп айтауға болады. Себебі, Анчелотти соңына дейін өз шәкірттеріне сене білді, ол Ла Лига матчтарында соңғы минуттарда ғана ойынға қосылатын Рауль Асенсиоға мүмкіндік берді. Арда Гюлер, Алаба да алаңға шықты. Мысалы, Асенсио Чуаменидың жарақатына байланысты «Зальцбургге» қарсы кездесуде орталық қорғаушы шебінде өнер көрсетті. Ал ойынның екінші жартысында Давид Алабамен ауысып оң қапталда ойнады. Сондықтан Анчелоттиге рахмет, керемет матчтың куәгері болдық.

anchelotti prinyal reshenie pokinut real po zavershenii etogo sezona onda cero 1737378211893203613
Карло Анчелотти 

– 7-ші тур турнирлік кестеге қалай әсер етті?

– Мысалы, 7-ші турда Реал «Зальцбурггі» 5:1 есебімен тізе бүктірді және плей-оффқа жолдама алды. Енді мадриттік клуб келесі турда жеңіске жетсе, қоржынында барлығы 15 ұпай жиналмақ. Егер өзге командалар ұпай жоғалтатын болса, «Реал» турнирлік кестеде алғашқы 8 клубтың қатарына кіреді.

– Осы турдағы төрешілердің жұмысын қалай бағалайсыз? Даулы сәттер болды ма?

– «РБ Лейпцигтің» аяқдопшысы Давид Раум «Спортинг» қақпасына гол соққанда, офсайдта болған ойыншыны байқаған жоқпын. Сондықтан да төрешілерге қоятын сұрағым бар. Сондай ақ, «Манчеттер Сити» мен «ПСЖ» кездесуінде, француздардың ойыннан тыс қалғанын байқаған жоқпын. Төреші VAR жүйесіне жүгініп, бірнеше сантиметрді құрайтын офсайдты байқаған екен. Менің пікірімше, VAR жүйесі футболдағы осындай сәттерді құртады.

– Чемпиондар лигасының осы маусымына қандай болжам жасай аласыз?

– Чемпиондар Лигасының жаңа форматына қарап, әзірге болжам жасау ерте сияқты. Оны осы маусымның соңында айтуға болады. Әрине, жаңа мәселелер пайда болуы мүмкін. Өйткені кейбір мықты клубтар плей-оффқа шыға алмайды. Мысалы, «ПСЖ» және «Реалға» биыл осындай форматта ойнау қолайсыздық тудырған секілді. Бұл командалар соңғы турға тақап қалғанда ғана әрең дегенде жеңіске жетіп, плей-оффқа шығып отыр. Аустайдерлерге жақсы мүмкіндік әрине. «Брест», «Астон Вилла», «Селтик» командалары осы жолы көзге түсуде.