19.12.2024
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Бағдат Жұбаныш: Қандай жарыс болмасын, әрдайым жеңіске жетуді көздеймін

Айбар Рысдаулет
Айбар Рысдаулет
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
IMG 8578

Қазақстандық файтер Бағдат Жұбаныш NAIZA 70 турниріне дайындықтың соңғы сәттері туралы әңгімелеп, Бразилиялық қарсылас Ян Ферраспен кездесуге дайындығын бөлісті. Бір аптада қарсыласқа бейімделу қаншалықты қиын болды? Қазбек Сағынмен реванш мәселесі неге тоқтап қалды? Сондай-ақ, спортшы алдағы жоспарларын, әлемдік рейтингке деген көзқарасын және жаңа ұсыныстарға қатысты ұстанымын ашып айтты.

Бағдат Жұбаныш, қалыңыз қалай? Жекпе-жекке дайындығыңыз қалай өтіп жатыр?

Менде бәрі ойдағыдай, Аллаға шүкір. Дайындықты толығымен аяқтадық, қазір Семей қаласына жолға шығып барамыз. Дайындық кезінде бәрі сәтті өтті деп айта аламын.

NAIZA 70 турниріндегі қарсыласыңыз – Ян Феррас (16-7). Өте тәжірибелі файтер. Қарсыласыңызды қаншалықты зерттеп үлгердіңіз?

Бұған дейін қарсыласым Дағыстаннан болуы керек еді, оның рекорды — 10 жеңіс, 0 жеңіліс. Мен негізі сол жекпе-жекке дайындалып жаттым. Бірақ, өкінішке қарай, жекпе-жекке аз уақыт қалғанда ол жарақат алып қалды, сондықтан жекпе-жектен бас тартты.

Ұзақ уақыт қарсыласыңыз табылмады. Феррас бір апта бұрын ғана қарсылас атанды. Бұл қаншалықты қиындық тигізеді?

Енді оның орнына октагонға Ян Феррас шығатын болды. Бұл — Бразилияның тәжірибелі файтері, өте мықты қарсылас деп айта аламын. Біз уақыт тығыз болғандықтан, оның бірнеше ғана жекпе-жегін қарап, қысқа сараптама жасап үлгердік. Бірақ арнайы дайындалуға жеткілікті уақыт болмады. Соған қарамастан, Құдай қаласа, бәрі сәтімен болады деп үміттенемін және өзіме сенімдімін.

Феррас былтыр Қазақстанға келіп-кетті. Бекзат Алмаханмен жұдырықтасып, жеңіліс тапқан. Бекзатпен ақылдасып, сөйлестіңіз бе?

Иә, Феррас пен Бекзаттың жекпе-жегін көріп шықтым. Бекзатпен бұл туралы арнайы отырып сөйлесуге немесе ақылдасуға уақыт болмады, тек қарсыластың айқас стилі туралы қысқаша сұрадым. Ал негізгі дайындықты өз бапкерлеріммен талдап, бірге жекпе-жек жоспарын жасадық. Рингке шыққанда осы тактиканы ұстануды жоспарлап отырмыз.

Биыл үшінші жекпе-жегіңізге шығайын деп жатсыз. Физикалық тұрғыдан қиындық болмады ма?

Биылғы жыл мен үшін өте маңызды, бұл менің үшінші жекпе-жегім. Физикалық тұрғыдан бәрі керемет, өзімді жақсы сезінемін, ал моральдық жағынан да көңілім тыныш. Салмағым қалыпты, бәрі жоспар бойынша болып жатыр. Қалай болғанда да, жекпе-жектің нақты нәтижесін ринг көрсетеді, сондықтан мен өз күшіме сенемін.

IMG 8576

Жанкүйерлер екі жылдан бері Қазбек Сағынмен реваншыңызды күтіп жүр. Биыл жекпе-жек болады деп күтілген еді. Келесі жылы реванш өткізу жоспарда бар ма?

Қазбекпен реванш жекпе-жегі өтпеді. Бастапқыда жекпе-жек аяқталған соң, біз міндетті түрде реванш жасаймыз деп ойлаған едік. Алайда Қазбек «53 килограмға түсе алмаймын» деді. Сондықтан мен өз салмағымдағы жолымды жалғастыруға шешім қабылдадым. Осы уақыт ішінде екі жекпе-жек өткізіп, чемпиондық белбеуді жеңіп алдым.

Реваншты өткізуге не кедергі? Бұл жекпе-жекке шығуға сізде әлі мотивация бар ма?

Қазіргі басты міндетім — осы белбеуді қорғау. Болашақта не болатынын уақыт көрсетеді. Соған сай әрі қарайғы жоспарларды қайта қарап, анықтап отырамыз.

IMG 8577

Биыл үш жекпе-жегіңізді де NAIZA лигасында өткіздіңіз. Келесі жылы басқа ұйымға бару жоспарда бар ма? ONE лигасынан ұсыныс түсті деп естідік.

Қазір басқа лигаларға ауысу немесе жаңа ұсыныстарды қарастыру туралы ойым жоқ. Барлық назарам мен күшім алдағы болатын жекпе-жекке бағытталып отыр. Осы айқастан кейін маған біраз демалыс керек болатыны анық. Ал жекпе-жек нәтижесіне қарай әрі қарайғы жоспарымды нақтылап пысықтаймыз.

Айта кету керек, маған ONE FC лигасынан ұсыныс түсті. Бірақ әзірге асығыс шешім қабылдаудан аулақпын. Қазір менің назарымда өте маңызды жекпе-жек тұр. Соның нәтижесіне қарай алдағы әрекеттерді нақтылаймыз, көп нәрсе сол кезде шешіледі.

Fightmatrix рейтингінде үздік 10-қа кіретін екі қазақ файтері болса, оның біреуі өзіңіз. Жалпы, рейтингке көңіл аударасыз ба? Сізге бұл қосымша мотивация бола ала ма?

Мен Fightmatrix рейтингін жиі қараймын және әрдайым өзімнен жоғары тұрған файтерлерді бақылауда ұстаймын. Өйткені олардың қарқыны, стилі мен жетістіктері мені жігерлендіреді. Өз дивизионымда бірінші орынға шығып, әлемдік аренада ең мықты болуды армандаймын. Бұл — менің басты мотивациям. Қандай жарыс болмасын, әрдайым жеңіске жетуді көздеймін. Жеңіске жеткен сайын рейтингте көтерілуге мүмкіндік туатыны анық, бұл мен үшін өте маңызды.