13.03.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Атлетик» және «Рома» гол соғады, бірақ кім мықты екенін айту қиын –комментатор Еуропа лигасының 1/8 финалының қарымта матчына болжам жасады

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

13 наурызда Бильбаодағы атақты «Сан-Мамес» стадионында Еуропа лигасының 1/8 финалының қарымта матчында «Атлетик» және «Рома» күш сынасады. Римде өткен бірінші ойында, италиялық клуб 2:1 есебімен жеңіске жеткен.

«Стадио Олимпикодағы» матч тартысқа толы болды. Испаниялықтар есепті 50-минутта ашты –Айтор Паредестің берген добын сәтті пайдаланған Иньяки Уильямс көзге түсті. Алайда Зеки Челиктің пасын шебер қабылдай білген Анхелиньо алты минуттан кейін есепті теңестірді. Ойынның соңына қарай «Атлетик» бір футболшысынан айырылды – Ерай Альварес екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Ал 94-минутта Эльдор Шомуродов жеңіс голын соғып, «Ромаға» жеңіс сыйлады.

«Атлетик» «Ромадан» қарымта қайтара ала ма? Бүгін өтетін кездесуден не күтуге болады?

Футбол комментаторы Жандос Байділда Sport Pulse порталына өз ойын білдірді:

«Бұл – кештің ең қызықты матчтарының бірі. Еуропа лигасының финалы Бильбаода өтетіндіктен, жергілікті «Атлетик» ширек финалға шығу үшін барын салады. Басктер өз жанкүйерлері алдында ерекше жігерленеді.

Ал «Рома» қазір жақсы өнер көрсетуде. Клаудио Раньери команда ішіндегі атмосфераны реттеп, Дибала мен Пеллегрини сияқты көшбасшылардың ойыны қарқын алды. Тіпті негізгі құрамда жиі шықпайтын Шомуродов маңызды үлес қосуда.

Бұл тең, тартысты және қызыққа толы матч болмақ. Екі команда да гол соғары анық, бірақ қайсысы жеңетіні белгісіз. Бұл кездесуде айқын фаворит жоқ».

Матч туралы ақпарат:

Күні: 13 наурыз

Уақыты: 22:45 (тікелей эфир 22:35-тен бастап)

Стадион: «Сан-Мамес», Бильбао

Бас төреші: Клеман Тюрпен (Франция)

Трансляция: Qazsport

Еуропа лигасының қазіргі жеңімпазы – өткен маусымның ақтық сынында немістің «Байерін» 3:0 есебімен тізе бүктірген Италияның «Аталанта» клубы. Бұл кездесуде Адемола Лукман хет-трик авторы атанған.

Бұған дейін Sport Pulse футбол комментаторының Еуропа лигасының 1/8 финалының барлық қарымта матчтарына жасаған болжамын жариялаған еді.