Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

Африкада ерекше бастама: әйел тұтқындарға футбол жаттықтырушысының лицензиясы беріле бастады

BBC World Service хабарлағандай, Африка футбол конфедерациясы әлеуметтік ықпалды ерекше бағдарламаны жүзеге асыруда — әйел тұтқындарға D санатты футбол жаттықтырушысының лицензиясын беру қолға алынды. Бұл бастама босатылғаннан кейін оларға балалар командаларымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Бағдарлама алғаш болып Сьерра-Леоне астанасы Фритаудағы түзеу мекемесінде іске қосылды. Жергілікті футбол қауымдастығының академиясына тиесілі жасанды алаңда сегіз күндік курстан 26 әйел тұтқын мен 5 полиция қызметкері өтті.

«Мен алған сертификатымды мақтан тұтамын. Енді жұмыс табуға мүмкіндік бар», — деді курс қатысушысы Мари.

Игі бастаманың авторы — Сьерра-Леоне футбол қауымдастығының бұрынғы президенті Иша Йохансен. Әйелдер түрмесіне барған кезде ол тұтқындардың басым бөлігі кедейлік пен ұсақ құқықбұзушылықтар салдарынан сол жерде отырғанын байқаған. Сол сәттен бастап оларды қоғамға бейімдеудің жолдарын іздеген.

Қазір бұл жоба басқа елдерге де таралуда:

  • Ақпан айында курс Гананың ең ірі әйелдер түрмесі — Нсавамда басталды;
  • Қазіргі таңда Либерияда жалғасып жатыр;
  • Бағдарлама Африканың басқа елдеріне де кеңейтіледі деп жоспарланған.

Сонымен қатар, қатысушылардың кейбірі жаттықтырушылықтан бөлек, жергілікті клубтар үшін футбол формасы мен жабдықтарын тігуге машықтануда.