25.01.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Сергей Липинец: менің жекпе-жектерім әрдайым қызықты өтеді

IMG 9202

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Сергей Липинец Спорт Пульс тілшісіне лақап атының пайда болу тарихын, алдағы жекпе-жегі туралы және қазақстандағы бокс кештерінде өнер көрсеткісі келетіні туралы баяндап берді. 

Сергей сізді көбісі «Самурай» лақап атымен таниды. Бұл есім қалай пайда болды?

— Лақап атты өзім таңдаған жоқпын. Ресейде кикбоксингпен айналысып жүргенде мені Ятаға ұқсата бастады. Ол жақта спорт клубымыз «Банзай» деп аталатын. Жаттығу залында командаластарым менің еңбекқорлығымды, спаррингте соңына дейін күресетінімді көріп, «Самурай» деп атап кетті. Содан бері осы атау менімен бірге келе жатыр.

IMG 9203

АҚШ-та қазір қандай менеджер, промоутермен жұмыс жасап жатырсыз?

— Қазір Эл Хеймонмен жұмыс істеп жүрмін. Толыққанды еркін агентпін, яғни олар жекпе-жекке ұсыныс береді, ал мен оны қабылдаймын. Нақты бір келісімшарт жоқ. Бұрынғы менеджерім Алекс Вайсфельдпен де байланыстамын. Әр жекпе-жек туралы Алекспен ақылдасамын.

Қазақстанда өнер көрсеткіңіз келе ме?

— Егер Қазақстанда жекпе-жек өткізуге ұсыныс түссе, қуана қабылдайтын едім. Қазақстанда мені қолдайтын жанкүйерлер көп. Ресейден де достарым келер еді, себебі алғашқы жекпе-жектерім сол жерде өтті. Қазақстандық көрермендерге айқастарым ұнайды деп ойлаймын, өйткені жекпе-жектерім әрдайым қызықты өтеді. Әрине, ең бастысы – гонорар. Себебі осы күнге дейін өз атымды шығару үшін талай тер төктім.

Кастио Клэйтонмен реванш өте ме?

— Кастионың қайта жұдырықтасатынына күмәнім бар. Оның үстіне, ол қазір 67 келіде өнер көрсетеді, ал мен 63,5 келіде жұдырықтасамын. Оның салмағына ауысуға дайынмын, бірақ бұл жекпе-жекке қатысты әзірге ешқандай ұсыныс түскен жоқ.

fe2c738c e1bd 4ba3 b4e5 a6e59172c0fc

Алда өтетін Адам Азизге қарсы бәсекеге дайындық қалай өтуде?

— Дайындық жоғары деңгейде өтті. Физикалық және техникалық тұрғыдан жақсы жұмыс істедік, көптеген спарринг өткіздік. Қазіргі уақытта басты мәселе – виза. Егер жақын арада виза алмасам, жекпе-жек басқа уақытқа ауысып, тіпті мүлде өтпей қалуы мүмкін. Бірақ мен бұл айқасқа толық дайынмын.

Негізі әубаста кикбоксингпен айналысып бастағансыз, алда кәсіпқой кикбоксинг лигаларында жұдырықтасу ойда бар ма?

— Бұған дейін жоспарда болмаған, ұсыныс та түспеген. Егер ұсыныс болса, әрине, дайынмын. Қарастырып көруге болады. Қанша дегенмен кикбоксингпен де ұзақ жылдар айналыстым.

 

Сұхбаттасқан: Айнат Қабидуллаев