29.08.2024
Время для чтения: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Ұлттық құрама: Черчесов мырза кімге үміт артып отыр?

Станислав Черчесов УЕФА Ұлттар лигасының алғашқы матчтарына шақырылған футболшылардың нақты тізімін жариялады. Оған 28 ойыншы енді.

Ұлттар лигасының В дивизионын бастайтын алғашқы матчтарға шақырылған ойыншылар тізімімен танысып, жаңа есімдерді атап, шақырылмаған ойыншыларға тоқталып өтеміз.

Қақпадағы қақпашылардың қақпаны кім?

Игорь Шацкий – Александр Заруцкий – Стас Покатилов – Темірлан Анарбеков

 

Тізімді қақпашылардан бастасақ. Черчесов кеңейтілген тізімге ілінген төрт қақпашыны да қалдыруды шешіпті. Сөзсіз, негізгі қақпашы міндетін Игорь Шацкий атқарады. Оны Александр Заруцкий алмастыра алады. Бір қызығы, Магомед Адиевтің шағында ұлттық құрамадан шеттетіліп қалған Стас Покатилов қайта оралды. «Ақтөбенің» қақпашысы негізгі құрамдағы орынға да таласуға қауқары жетеді. Ал Темірлан Анарбековтің құрамаға шақырту алуы – бас бапкер тарапынан берілген үлкен сенім. Жас қақпашы нақты құрамға қосылғанымен тек жаттығу жиынынан қайтатыны анық. Үнемі ұлттық құрамаға шақырылатын Бекхан Шайзада тізімде жоқ. Ұлттық құраманың өткен жолдастық матчтарына дайындық барысында жарақат алған қақпашы әлі бабына келмеді. Сол себепті болар Станислав Саламұлы шымкенттік қақпашыны қатарға қоспады.

Қорғаныс шебінде өзгеріс бар

Cергей Малый – Роман Асранкулов – Еркін Тапалов – Александр Марочкин – Ян Вороговский – Марат Быстров – Михаил Габышев – Әлібек Қасым – Нұралы Әліп – Лев Скворцов – Талғат Кусяпов

Sbornaya 2

Қорғаныс шебінде біраз өзгеріс болды. Кеңейтілген тізімнен төрт бірдей қорғаушы нақты тізімге ілінбеді. Бұған дейін тұрақты түрде шақырту алатын қорғаушылар орын жоқ. Бұл арқылы Черчесов кез келген ойыншының орны шегеленбегенін білдіргісі келген секілді.

Соңғы уақытта тұрақсыз ойнап жүрген Темірлан Ерланов тізімде жоқ. Александр Зуев ті де атап өткен жөн. Руслан Валиуллин жарақатына байланысты шақыртылмады. Бас бапкер Ресей чемпионатында өнер көрсетіп жүрген Лев Скворцов пен Талғат Кусяповты қосқан. Бұған дейін берген сұхбатында «Бәрін бақылап жүрмін. Көмекшілерім «Родинадағы»  Құсяповтың ойынын тамашалау үшін Мәскеуге барды. «Шинниктегі» Скворцовтың ойынын көрді. Бұл жағынан жұмыс тұрақты жүріп жатыр», – деп айтқан.

Қосалқы тізімде Сұлтанбек Астанов, Темірлан Ерланов, Асхат Балтабеков, Александр Зуев пен Ұлар Жақсыбаев қалды. Қай-қайсын алсаң да ұлттық құрама сапында ойнауға лайықты.  Десе де бұл ойыншылардың басым бөлігі үшін ұлттық құрама үшін біраз еңбектену керек.

Басты үміттеріміз – жартылай қорғаныста

 Асхат Тағыберген – Бауыржан Исламхан – Айбол Әбікен – Рамазан Оразов  – Арман Кеңесов – Бақтиер Зайнутдинов – Абзал Бейсебеков – Эльхан Астанов  – Ислам Чесноков

Жартылай қорғаныс еш өзгеріссіз қалды. Дегенмен «Астананың» вице-капитаны Исламбек Қуат бұл жолы шет қалды. Елордалық клуб сапында Исламбек те, Абзал да көп алаңға шығып жүрген жоқ. Тізімде «қайраттықтардың» жоқтығы таңғалдырды. Чемпионатта тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүрген Андрей Ульшин мен Еркебұлан Сейдахмет ұлттық құраманы күшейтпесе, әлсіз ететіндей емес еді. Мүмкін, Саламұлының бір ойлағаны болар.

Sbornaya 3

Шабуылдың қарсыласқа азуы бата ма?

Абат Айымбетов – Айбар Жақсылықов – Оралхан Өміртаев – Рамазан Кәрімов

Үнемі сынның да астында қалатын, реніш те болатын шеп – шабуыл. Станислав Саламұлы екі жылдан кейін Айбар Жақсылықов пен Оралхан Өміртаевты қайта шақырды.  Оралханға Беларусь чемпионатынеа ауысқаны оң әсерін берген секілді, ал Айбар «Қайсардың» негізгі шабуылшысының біріне айналды. Екеуі көп гол соқпаса да, өзі аз шабуылшыларымыздың арасында нәтиже көрсетіп жүргені осылар.  Негізгі құрамдағы орын Абат Айымбетовке бұйыратыны хақ. Рамазан Кәрімов болса ойынды күшейтуге дайын.

Ұлттық құраманың көшбасшысына айналған Максим Самородов жарақатына байланысты қыркүйектегі ойындарда көмектесе алмайды.

Бапкерлер штабына Владимир Панников (бас бапкердің көмекшісі) Паулино Гранеро (дене даярлығы бапкері) Гинтарас Стауче (қақпашылар бапкері) мен Эльшад Хинизов (бейнесарапшы) кірді.

Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиынын 1 қыркүйек күні Алматы қаласында бастайды. Қыркүйек айында УЕФА Ұлттар лигасы аясында екі матч жоспарланған.

6 қыркүйек күні ұлттық құрама Алматы қаласының Орталық стадионында Норвегияға қарсы ойнаса, үш күннен кейін Словенияға қарсы сырт алаңда матч өткізеді. Ойын Любляна қаласында «Стожице» стадионында өтеді.