21.08.2024
Время для чтения: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

UFC-ге баратын қазақ файтерлері

UFC-ге баратын қазақ файтерлері

Қарыштап дамып жатқан ММА спортындағы басты көрсеткіштің бірі – UFC. Кез келген файтердің деңгейін не мансабының қалай өрбіп келе жатқанын UFC келісімшарт ұсынған-ұсынбағанынан байқауға болады. Дана Уайттың ұйымы дәл қазіргі сәтте кез келген файтер үшін ең жоғары мақсат пен бағдар. UFС-ге келген кез-келген файтер жаңа деңгейге, жаңа медиа алаңына шығатыны анық.

Осыдан 10 жыл бұрын қазақ файтері үшін UFC арман болса, қазір ең бірінші мақсаттың бірі. Соңғы 5 жылда қазақ файтерлерінің америкалық ұйымдағы саны да, сапасы да артып келеді. Осыған орай, Sport Pulse жақын уақытта UFC-ге баруы мүмкін отандық файтерлердің тізімін жинап шықты.

Қазір UFC-де бес бірдей файтеріміз бар. Олар: Асу Алмабаев, Азат Мақсұм, Бекзат Алмахан, Шавкат Рахмонов және Николай Веретенников. Бұл бестіктің арасынан Шавкаттың есімі ерекше жарқын естіледі. Өйткені, дәл қазір ол америкалық ұйымда өз салмағында үздіктердің қатарынан көрініп, чемпиондық жекпе-жекке шығуға жақын. Асу Алмабаев та үздік бестікке ақырын жүріп, анық басып келеді.

Қазақстаннан мұхит асып, UFC-мен келісімшартқа отыруға кезекте тұрған кім бар? Еске бірден Дияр Нұрғожай түседі. Мансабында өткізген тоғыз жекпе-жегінің бәрінде жеңіске жеткен. 9 қазанда Дана Уайттың Лас-Вегаста өтетін Үміткерлер сериясы аясында октагонға шығады. Қарсыласы поляк Бартош Шевчик. Бұл айқастың жеңімпазы UFC-мен келісімшартқа отырады.

Майамидегі American Top Team лагерінде жаттығып жүрген Әліби Ыдырыстың мүмкіндігі мол. Naiza лигасының чемпионы UFC-ге өтуі уақыт еншісінде. Бұл туралы қазақстандық лиганың президенті Нұрбек Қарабала талай сұхбатында айтып жүр. Әлібидің командаласы Жалғас Жұмағұлов та UFC-ге оралуы мүмкін. Соңғы жекпе-жектерінде сәтсіздікке ұшырағанына қарамастан тәжірибелі файтер мансабын америкалық ұйымда жалғастырғысы келеді. Ол өз сөзінде: «Мақсатым — UFC-ге қайта оралу. Қазір Саят (Жұмағұловтың менеджері Абдрахманов — автор.) келіссөздер жүргізуде. Соңғы мәрте әрекет етемін. Егер сәтті болса, келісімшартқа қол қоямын. Егер болмаса, мансабымды аяқтайтын шығармын» деп айтқан.

Naiza лигасының жеңіл салмақтағы чемпионы Магомед Кабардиевтің UFC-ге ауысатыны жайлы ақпарат соңғы екі жылдан бері айтылып келеді. Дағыстандық файтер Қазақстан еліне 2015 жылы көшіп келген. Астанада жаттығып, отандық ұйымда жекпе-жектерін өткізіп жүр. Әзірге Магомедтің Қазақстан азаматтығын алғаны жайлы ақпарат жоқ. Десе де UFC-ге өтіп жатса, Қазақстанның көк туымен шығатынына жанкүйерлер шүбә келтірмейді.

Бүгінгі топтаманың соңғы жауынгері – Сора Рахмонова. Бір жыл бұрын Naiza лигасының президенті Нұрбек Қарабала қазақстандық файтерге UFC тарапынан ұсыныс бар екенін айтқан. Шавкат ағасының ізімен келе жатқан Сора мансабында төрт мәрте жеңіске жетіп, бір рет ұтылған.

Жалпы алғанда әлемнің үздік ұйымындағы қазақстандық файтерлерінің саны көбеймесе, азаймайтыны анық.