01.09.2024
Время для чтения: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Паралимпиада-2024: ел үмітін арқалаған кімдер?

Паралимпиада-2024: ел үмітін арқалаған кімдер?

Париж төрінде Олимпиада аяқтала салысымен XVII Паралимпиада ойындарының жалауы желбіреді. Екі аптаға жуық уақытта 167 делегация қатарында 4400 спортшы жүлдеге таласады. Ал барлығы 22 спорттан 549 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстан 17-ші Паралимпиада ойындарына 44 спортшысын жіберді. Бұл ел спорты тарихында рекордтық көрсеткіш. Осы көшті бастап бару бақыты волейболшы Берік Ізмағанбетов пен пара атудан Севда Алиева бұйырды.

Біздің спртшылар пара жүзу, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, каноэде есу, пара таэквондо, отырып волейбол ойнау, пара ату, үстел теннисі, пара дзюдо сияқты 9 спорт түрінен жүлдеге таласады. Басты үмітіміз бен Паралимпиада чемпиоын Зульфия Ғабидуллина мен Давид Дегтярев қатарда. Олар Париж төрінде чемпиондық титулын қорғау үшін барады. Сондай-ақ Паралимпиада ойындарының жүлдегерлері Раушан Қойшыбаева пен Нұрдәулет Жұмағали да алтын медаль үшін таласып көрмек.

Бір спорт түрінен рекордтық жолдама парадзюдо өкілдеріне бұйырды. Парижде он бірдей дзюдошымыз татамиге шығады. Сонымен қатар, Севда Алиеваның пара атудан медаль алуға үміті бар. Ол пара-биден ауысып, жаңа спорт түрін жедел меңгеріп алғанын атап өткен жөн.

Биыл Париж Паралимпиадасы бірнеше көрсеткішті жаңартуға жақын. Мысалы, бұған дейін ең көп тіркелген делегация саны – 164 (Лондон-2012 және Токио-2020). Ал Парижге 167 делегация келді.

Бұған қоса, жалпы қатысушы спортшының саны да рекордтық көрсеткішке жеткен. Токио ойындарында 4393 спортшы бақ сынап, рекорд жаңартқан еді. Ал Парижде 4400-ден астам спортшы өнерін паш етеді деп күтілуде. Ең көп спортшысын жіберген – Қытай. Аспан асты елінен 282 спортшы бағын сынап көреді. Одан кейінгі орында Бразилия (255), Франция (237),  АҚШ (220) және Ұлыбритания (201) тұр.

Қазақстан намысын қорғайтын спортшыларымыз:

 

Параканоэ: Жаңыл Балтабаева, Бейбарыс Сыпатай.

Парапауэрлифтинг: Раушан Қойшыбаева, Тұрсынай Қабыл, Давид Дегтярев, Рахметжан Хамаев, Станислав Шакиев.

Паратхэквондо: Кәмиля Досмалова, Милана Красавцева, Нышан Өмірәлі, Нұрлан Домбаев.

Парадзюдо: Альфия Тлекқабыл, Ақмарал Науатбек, Даяна Федосова, Зарина Райфоқамырза Шүкірбеков, Ғалымжан Смағұлұлы, Ерлан Үтепов.

Пара ату: Севда Алиева, Еркін Ғаббасов.

Пара жеңіл атлетика: Салтанат Әбілхасымқызы, Еламан Жоламан, Дастан Мұқашбеков.

Пара жүзу: Зульфия Ғабидуллина, Сиязбек Далиев, Нұрдәулет Жұмағали, Әмір Мұратбеков.

Пара жеңіл атлетика/Найза лақтыру: Гүлбахыт Қайыржанова.

Пара үстел теннисі: Әли Мақұлбеков.

Отырып волейбол ойнау: Берік Ізмағанбетов, Пердебай Намуратов, Нұртау Мұқанбетқалиев, Бауыржан Сартаев, Қуаныш Тәжіков, Ерлан Битеміров, Шыңғыс Медеуов, Ерболат Алтаев, Ақылбек Шикібаев, Ерасыл Әбдібек, Эрик Қаскабаев, Жанғали Сүйеуов.