09.11.2024
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Жоау Оливейра: «Жеңіс» – болашағы үлкен үміт күтетін команда»

Айбар Рысдаулет
Айбар Рысдаулет
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
Жоау

«Жеңіс» футбол клубының жартылай қорғаушысы Жоау Рибейру Де Оливейра Sport-Pulse басылымына эксклюзивті сұхбат берді. Оливейра өзінің мансабы, клубтағы жағдайы және алдағы мақсаттары туралы айтып, команданың болашағы мен жанкүйерлерге арналған бірнеше маңызды ойын айтты.

Жоау, қалыңыз қалай? Чемпионат соңына келіп қалды. «Жеңіс» турнир кестесінде өз орнында тұр ма? Әлде одан да жоғары көтерілуге болар ма еді?

Команданың қазіргі деңгейімен жоғары көтерілуге болар еді. Бұдан да жоғары орынға лайық болдық. Биыл «Жеңіс» екі түрлі кезеңнен өтті. Жаңа бапкер мен ойыншылардың келуімен команда күшейіп, нәтиже берді.

«Жеңістен» ұсыныс қалай түсті? Қазақстанда келмес бұрын алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?

Агентім «Жеңіс» жобасы туралы айтып берді. Команда Премьер-лигада қалуды мақсат еткенімен, ақырындап дамып келе жатқан, болашағынан үлкен үміт күтетін ұжым. Қазақстанға келуіме әсер еткен тағы бір жайт, жаңа әрі заманауи қала болды. Мен келгенде команданың жағдайы мүшкіл болды. Дегенмен мен сынақтан қашқан адам емеспін. Мақсатым команданың Бірінші лигаға ұшып кетпеуі еді. Қуанышымызға орай, мақсатымызды орындай алдық.

Қазақстанға келген соң ең бірінші байқаған өзгешіліктер қандай болды?

Мұндағы ауа-райы Португалиядан әлдеқайда суық екен. Қала өте заманауи болғанымен, табиғат жетіспейді. Жаңа мәдениет және сәулетпен танысу да жағымды әсер қалдырды.

Мансабыңыздың басым бөлігін туған жеріңізде өткіздіңіз. «Жеңіс» Польшадан кейінгі алғашқы шетелдік командаңыз екен. Қазақстанға тез бейімделдіңіз бе?

Тез-ақ үйреніп кеттім. Қиын болған жоқ. Клубтағы әріптестерім көмек қолын созды. Сонымен қатар, португалша сөйлей білетін Бруну мен Адилионың болғаны көп көмектесті.

Португалия мен Польшада ойнағаныңызды білеміз. Қазақстан футболын қалай салыстыратын едіңіз?

Қазақстан мен Польшадағы футбол сәл көбірек физикалық ойынға негізделген. Ал Португалияда футбол жеке шеберлік пен тактикаға көбірек сүйенеді.

Қазақстандағы футбол инфрақұрылымы туралы не ойлайсыз?

Қазақстандағы инфрақұрылым одан да жақсы бола алар еді деп ойлаймын. Бұл лигада керемет стадиондар бар, бірақ кішкентай, ескі стадиондар да кездеседі. Табиғи шөптерге көбірек инвестиция салу керек. Бұл көрермендерді стадионға көбірек тартуда маңызды рөл атқарады.

Қазіргі «Жеңіс» құрамын қалай сипаттар едіңіз?

Қазіргі «Жеңістің» құрамы өте мықты. Бізде шеберлік, еңбекқорлық және жақсы командалық рух бар. Біз нағыз отбасы болып қалыптастық. Бірге керемет жұмыс атқарып келеміз.

жоау2

Премьер-лигадағы алғашқы маусымында «Жеңіс» жақсы нәтиже көрсетті. Жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалып, Лига Кубогының финалына шықты. Бұл нәтижеге жетуге не әсер етті деп ойлайсыз?

Бұған көптеген фактор әсер етті: бапкер, жазда команда сапына қосылған жаңа ойыншылар, сапалы құрам, менталитет… Бірақ бастысы — біздің бірлігіміз деп ойлаймын. Бір-бірімізбен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Осының арқасында өзімізді бір отбасыдай сезініп, бәріміз бір-біріміз үшін соңына дейін ойнадық.

Лига Кубогының финалында «Жеңіс» «Астанамен» кездеседі. Финал сіз үшін қаншалықты маңызды? «Жеңістің» мүмкіндігі қандай деп ойлайсыз?

Әрине, финал біз үшін өте маңызды. Төменгі лигадан енді ғана көтеріліп, енді дамып келе жатқан «Жеңіс» үшін бұл титулға таласуға керемет мүмкіндік. Біз оны жеңіп алу үшін бар күшімізді саламыз және сәттілік бізге серік болады деп сенемін!