15.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

«Жеңіс» Демченконың басшылығымен алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Жеңіс» Демченконың басшылығымен алғашқы жеңісіне қол жеткізді

ҚПЛ-дың 12-туры аясында «Жеңіс» сырт алаңда «Тұранды» 2:0 есебімен ұтты. Бұл матч астаналық клубтың жаңа бас бапкері Андрей Демченко үшін дебюттік кездесу болды.

Маусымның бел ортасына қарай қос ұжым да турнир кестесінің төменгі бөлігінде орналасқан. Тур басталмай тұрып, «Тұранның» қоржынында 11 ұпай болса, «Жеңісте» небәрі 7 ұпай бар еді. Бұрын «Металлист» пен «Ақсу» клубтарын жаттықтырған Демченконың бұл — алғашқы ресми ойыны.

Алғашқы таймда есеп ашылған жоқ. Екінші бөлікте Ардақ Саулет есеп ашты. Бұл сәт даулы жағдаймен есте қалды: «Тұран» қорғаушысы Нұрымбет пен Исламбек Қуаттың арасындағы қақтығыстан кейін төреші ереже бұзуды тіркемеді. Көп ұзамай Адилио таразы басын еселей түсті — 2:0. Осылайша «Жеңіс» ойынды сенімді түрде жеңіспен аяқтады.

Бұл жеңістен кейін «Жеңістің» ұпайы 10-ға жетіп, команда соңғы орынды тастап, 11-орынға көтерілді. Ал «Тұран» 11 ұпаймен бір саты жоғарыда қалды. Келесі турда «Жеңіс» «Атыраумен» кездессе, «Тұран» Қызылордада «Қайсарға» қонаққа барады.