24.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

«Жеңіс» барын салады, бірақ «Тобыл» жеңуге міндетті» — сарапшы Қазақстан Кубогының жартылай финалы туралы

«Жеңіс» барын салады, бірақ «Тобыл» жеңуге міндетті» — сарапшы Қазақстан Кубогының жартылай финалы туралы

25 маусымда Қостанайда Қазақстан Кубогының жартылай финал ойыны өтеді — «Орталық» стадионда жергілікті «Тобыл» елордалық «Жеңісті» қабылдайды. Қостанайлықтар фаворит мәртебесін растағысы келсе, қонақтар – финалға апарар сенсациялық жолды жалғастыруды көздейді.

Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің өкілі Шамкен Байырбек Sport Pulse порталына алдағы матчқа қатысты пікір айтты.

— Ең қызық жартылай финал осы екі команда арасында болады. «Тобылдың» қазіргі қарқыны өте жақсы. Ел чемпионатында үздік үштікте (өтпеген 2 ойыны бар әлі!). Былтырдан бері өз алаңында жеңілмей келе жатыр.

Ал «Жеңіс» жаңа бапкер келгелі жағдайын реттеп үлгерді. Биылғы мақсаты — премьер-лигада қалу болса, содан кейінгісі осы Қазақстан кубогын алу шығар…

Әзірге сол жолда сәтті келе жатыр.

Меніңше, екі клуб жартылай финалдағы қос кездесуге негізгі құрамды шығарады. «Тобыл» негізгі сұрақтың жауабын өз алаңында беруге барын салады. Оларға керегі сенімді, ірі жеңіс. Ал «Жеңіске» керегі керісінше.

Болжамым, «Тобыл» өз алаңында кемі екі доп айырмасымен жеңеді. Финалға Нұрбол Жұмасқалиевтің командасы шығуы керек.

Бір қызығы, жартылай финалдағы екі жұп (Тобыл-Жеңіс, Қызылжар-Ордабасы) Қазақстан чемпионатындағы алғашқы ойында бір-бірімен бірдей есеппен тең түскен (0-0).

Ойын Қазақстан уақыты бойынша сағат 20:00-де басталады. Тікелей эфир — Qazsport арнасында.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!