26.09.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Жасурбек Яхшибоев: Әр матч біз үшін — финал

Дәл қазір «Ордабасы» Қазақстан чемпионатында үздіктер қатарында келе жатыр. Былтырғы чемпион биыл титулын қорғау үшін барын салып жатқаны анық. Ал бұл жолда Жасурбек Яхшибоевтың қосып жатқан үлесін айтпау мүмкін емес. 15 ойында алаңға шыққан өзбек шабуылшысы 9 гол соғып, чемпионатта сұрмергендер тізімінде көш бастап келеді.

Еурододадан кейін команда жергілікті чемпионатқа тез үйренісіп кетті ме?

Иә, еурокубоктардан кейін назарымды бірден чемпионатқа қойдық. Өйткені чемпион атануға жақсы мүмкіндігіміз бар. Сол үшін қазір әр матч біз үшін — финал.

Маусымның жартысы өтті, ал команда үздіктер келе жатыр. Биыл чемпиондық титулды қорғауға қандай мүмкіндік бар?

Чемпион болуға тамаша мүмкіндігіміз бар. Оның үстіне, кейінге шегерілген ойындарымыз бар. Сол себепті чемпионатта жеңіске жетіп, чемпиондық титулды қорғау үшін барымызды саламыз.

«Ордабасыдан» ұсыныс қалай түсті? Қазақстанға келерде алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?

«Ордабасыға» чемпиондықты қорғау үшін және өзім чемпион болу үшін келдім.

яхшибоев2

Қазақстанға биыл келгеніңізге қарамастан бірден команданың көшбасшы ойыншыларының біріне айналдыңыз. Чемпионатта 9 гол соғып, сұрмергендер тізімінде көш бастап тұрсыз.

Білмедім. Әр ойынға шығарда өзіме мақсат қоямын. Алаңнан гол соғып, нәтижелі пас бермей кетпеймін. Командамның жеңіске жетуіне үлесімді қосуым қажет. Дегенмен, әр ойында өзіме берілген жұмысты атқарамын. Соның нәтижесі болу керек, чемпионаттың сұрмергендер тізімінде көш басында келемін.

яхшибоев3

Еуропада Польша, Молдова мен Беларусьте ойнадыңыз. Қай елдің чемпионаты сізге көбірек ұнады?

Иә, Еуропада үш жылға жуық доп тептім. Ең ұнағаны — Польша чемпионаты. Лиганың деңгейі жоғары. Командалары мықты. Бұған қоса, чемпионатты ұйымдастыру да жақсы деңгейде болды.

Еуропада қайта ойнауды қалар ма едіңіз?

Әрине. Ұсыныс түссе, қуана қабыл алар едім.

яхшибоев4

Қазақстан футболын Еуропамен салыстыра аласыз ба?

Қалай салыстыру керегін білмеймін. Шыны керек, ойынның жылдамдығында айырмашылық бар. Еуропада жылдам футбол ойнағанды құп көреді. Басқа айырмашылық жоқтай.

Өзбекстанда сіздің ойыныңызды бақылай ма?

Әр футболшының жеке жанкүйерлері бар. Менің де Өзбекстанда жанкүйерлерім бар. Олар әр матчымды қарайды деп ойлаймын.