01.04.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Жастардың бойында дұрыс құндылықтардың қалыптасуын қалаймыз – «90+1» атты фильмнің продюсері Анар Юлдашева

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
Жастардың бойында дұрыс құндылықтардың қалыптасуын қалаймыз – «90+1» атты фильмнің продюсері Анар Юлдашева

24 сәуірде қазақстандық кино тарихында алғаш рет футбол тақырыбын арқау еткен «90+1» атты фильм көрерменге жол тартады. Ал бүгін туындының ресми тизері жарық көрді.

Фильм аяқдопшы Райымбектің арман жолындағы қиындықтарды жеңу тарихын баяндайды. Жас кезінен отбасының тірегіне айналған ол, өмірдің ауыр сынақтарына қарамастан, мақсатына жету үшін күреседі.

Режиссері – «Бизнес по-казахски» және «Әкім» сынды танымал жобаларымен елге белгілі Тимур Дулатов. Басты рөлдерді Қуаныш Керімқұлов, Алмат Сақатов, Жаннұр Рамазан, Шахмардан Әлмахан, Ақерке Назарбекова және танымал блогер Артур Асқарұлы сомдады.

Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген. Туынды салауатты өмір салтына және мақсатқа ұмтылудың маңыздылығын насихаттайды.

Жобаның продюсері Анар Юлдашева Sport Pulse порталына эксклюзивті сұхбат берді.

— Түсірілім жұмыстары қашан және қайда өтті?

— Түсірілім жұмыстары 2024 жылдың мамыр-маусым айларында Алматыда өтті. Фильм Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді. Біз мемлекеттік грант ұтып алдық және фильмге «ұлттық» мәртебесі берілді.

— Басты рөлді кім сомдады? Жобаға кәсіби футболшылар қатысты ма?

— Басты рөлде – Қуаныш Керімқұлов, ол сонымен қатар фильмнің сценарий авторы. Ол бала кезінен футбол ойнайды және Alatau медиалық клубының мүшесі. Бұл фильмді түсіру – оның арманы болды. Сонымен қатар, түсіріл жұмыстарына «Астана» футбол клубының кәсіби ойыншылары да қатысты.

— Фильмнің басты мақсаты қандай?

— Біз елімізде футболдың танымдылығын арттырғымыз келеді, жастардың бойында дұрыс құндылықтардың қалыптасуын қалаймыз. Бұл – футбол тақырыбын арқау еткен және оны ойнайтындар түсірген алғашқы қазақстандық фильм. Дегенмен, бұл тек спорт туралы емес, отбасы, махаббат және шынайы достық жайлы туынды. Біз жастарды қиындыққа берілмей, әрдайым өз мақсатына ұмтылуға шабыттандырғымыз келеді.

— Неге «90+1» деген атау таңдалды?

— Барлық футбол жанкүйерлері матчтың 90 минутқа созылатынын, ал төрешінің қосқан қосымша уақыты ойын тағдырын өзгертуі мүмкін екенін біледі. Сонымен қатар, 90+1=91 – бұл басты кейіпкердің жейдесіндегі нөмір. Ал 1991 жыл – Қазақстанның тәуелсіздік алған жылы, бұл еркіндік, таңдау және сенім символы, бұл фильмнің негізгі ойымен тығыз байланысты.

«90+1» жай ғана спорттық драма емес, ол көрермендерді өз армандарына қол жеткізуге шабыттандыратын туынды болмақ.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!