12.11.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Жараспек Ерсұлтан: «жалаңқол төбелестің дәуірі тым қысқа»

Sport Pulse редакциясы соңғы уақыттары ММА және кәсіпқой бокста белсенді болып жүрген, атышулы Жараспек Ерсұлтанмен сұхбаттасты.

Сен кәсіпқой бокста да, жалаңқол төбелесте де біраз жекпе-жек өткіздің. Негізі саған ең жақыны қайсысы?

Негізі мансабымды кәсіпқой бокста жалғастырамын. Жалаңқол төбелес қазір трендте шығар, бірақ оның дәуірі тым қысқа. Ал бокс пайда болғалы қай заман. Бокс бұл нағыз спорт.

Кәсіпқой бокстағы дебюттік жекпе-жегің туралы айтып өтсең?

Негізі жекпе-жек ойымдағыдай өткен жоқ. Өйткені жекпе-жекке дейін екі апта бұрын әжемнен айырылған болатынмын. Сол себеппен жекпе-жекке дейін екі аптадай уақыт ауылда болдым. Әжемді жерлеп, тікелей жекпе-жекке келген болатынмын. Сондықтан өзімнің ойымдағы кей жоспарларды жасай алмадым.

4150a024 d4f7 47e7 b7df c7dba992bb9a

Қазақстандық спортшылардан кімнің кеңестеріне жүгінесің?

Ақыл кеңестерін айтатын ағаларымыз көп. Оның бірі өзімнің екінші әкемдей болып кеткен Дәурен Елеусінов. Мені өз қасына шақырып, бапкер болып, бар білгенімен бөлісіп жатыр. Одан басқа Жұман, Бақыт сынды ағаларымыз өз кеңестерін айтып отырады. Осы ағаларымның кеңестеріне жүгіне отыра, бүкіл әлемге қазақ спортын паш етемін.

Номад лигасындағы Дильшодпен болған трэш-ток туралы айтып өтпеске болмайды. Жекпе-жек өз күшінде ме?

Дильшод маған адами тұрғыда ұнамайды. Ашығын айтқанда өзін маймыл сияқты көрсетеді. Сол үшін оны жекпе-жекке шақырдым. Рингке шыққаннан кейін қол көтеремін деген ойым болмаған. Оының үстіне ол сәтте қолымда жарақат болды. Ал ол көргендеріңіздей дөрекі іс жасады. Бұл жекпе-жекті «Номад» лигасының негізін қалаушы Мұхаммеджан Қонысбеков жасаймын деген болатын. Онымен жекпе-жекке шыққым келген, бірақ ол түрмеге түсіп қалыпты. Өзі де сәл бұзық жігіт еді.

930df588 777c 4bc0 b87e d06e02d484aa

Ал Асрорды жекпе-жекке шақыруға не себеп болды?

Асрорды хардкордың бірінші турнирлерінен бері көремін. Сол кезден бері оған қызығамын. Хардкордың экс чемпионы. Ол нәрсе әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан спортшы ретінде ол маған қызық болды. Өз күшімді соған қарсы сынағым келді. Зия Алиевтің айтуы бойынша біз желтоқсан айында жекпе-жек өткізуіміз керекпіз. Оған дейін жарақаттарымнан айығып, сол жекпе-жекке дайындалудамыз.

Рух лигасында өз салмағында екінші орында тұрсың. Біраз уақыт бұрын сені чемпиондық белбеуге шығады деген сыбыстар пайда болған еді?

Ол жекпе-жек қазір қаралуда. Рейтингте екінші орында тұрғандықтан, келесі жекпе-жек титулды болуы тиіс. Бұл орын алған жағдайда қарсыласым Оразхан Еркеш. Осал қарсылас емес, біраз жетістіктері бар. Бірақ мен кез келгеніне дайынмын.

Сұхбаттасқан: Айнат Қабидуллаев