16.01.2025
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Жанпейіс Назарғали: Джонс Ахмедовке қауып төндіре қояды деп ойламаймын

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

18-ші қаңтарда Калифорния штаты, Коммерс қаласында қазақстандық боксшы Али Ахмедов (22-1, 16 КО) шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы америкалық боксшы Малкольм Джонс (17-4-1, 10 КО) болмақ. Жекпе-жек Том Леффлер басқаратын 360 Promotions промоутерлік компаниясы ұйымдастырған Hollywood Fight Nights турнирлік сериясы аясында өтеді.
Бокс менеджері және матчмейкер Жанпейіс Назарғали Sport Pulse порталына берген эксклюзивті сұхбатында қос боксшының жекпе-жегіне қатысты өз ойын айтты.

— Екі боксшының жеңіске жету мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз?

Али Ахмедов қарсыласы Джонсқа қарағанда бір бас жоғары боксшы, жеңіске жету мүмкіндігі жоғары, уақытынан бұрын жеңіске жетеді деп санаймын. Бірақ бұл бокс, қарсыласты менсінбеуге болмайды, оны Али бізден жақсы білуі тиіс. Карлос Гонгорамен болған жекпе-жек соның айқын айғағы болар, таза жеңіп тұрып, бір ауыр соққы өткізіп алып жеңілді емес пе? Осы жеңіліс Алиге үлкен сабақ болды деп ойлаймын, енді ондайды қайталай қоймас.

e6341c47258c89ff6236da0fbbde7e86e35c3bf1820721db3a311d08bb0c57ab 880 495

— Сіздің ойыңызша, фаворит кім және неге?

Фаворит Али Ахмедов, себебі ол техника жағынан да, таймингтен де мықты. Малкольм Джонс жиырмадан астам кездесу өткізсе де оппозициясы Алиге қарағанда нашар. Іліп алар қарсыластар деп Эммануэль Алим мен Типтон Уокерді айтуға болар, екеуінен де нокаутпен жеңілген. Сондықтан орта деңгейлі боксшы деп айтар едім. Ахмедовтың командасы бұндай қарсыласты әдейі таңдады деп ойлаймын, себебі ол қыркүйек айында Ирландияда өткен соңғы кездесуінде француз Пьер-Убер Дибомбемен терезесі тең жекпе-жек өткізген еді. Сондықтан қатарына бірдей мықты қарсыластар бермейік деп шешкен секілді. Мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, өзіне деген сенімділігін арттыруы үшін болар.

— Бұл жекпе-жек әр боксшының мансабы үшін нені білдіруі мүмкін?

Ахмедов үшін бұл кезекті рейтингтік жекпе-жек. Жеңіп жатса үздіктер қатарында қалады, мүмкін топ-30 қатарына еніп қалар. Бірақ чемпион боламын деген ойы болса келесіде жоқ дегенде топ елу тізіміндегі боксшымен жұдырық түйістіруі керек. Джонс секілді қарсыластармен құр уақыт өткізе беруге болмас. Биыл отыз жасқа толады, оны да ұмытпаған жөн. Ал Малкольмның мансабында бұл кездесуде жеңіліс ештеме өзгертпес, ал жеңіске жеткен жағдайда үздіктер қатарына кіреді.

Фото Джонс Малькольм
Сурет: Джонс Малькольм

— Али Ахмедовтың қандай артықшылықтары осы жекпе-жекте маңызды рөл атқаруы мүмкін? Малкольм Джонстың қандай тактикасы Ахмедовқа қауіп төндіруі мүмкін?

Жоғарыда айтқанымдай Алидің техникасы жақсы, ауыр соққылары барын да естен шығаруға болмайды. Қарсылас мүмкіндік берген жағдайда бір соққымен-ақ құлата салатын қауқары бар. Джонс Ахмедовке қауып төндіре қояды деп ойламаймын. Себебі әр жекпе-жек алдында боксшы қарсыласын әбден зерттейді, оның кездесулерін қайта-қайта қарайды, қандай осал тұсы барын іздейді. Сондықтан Али қарсыласын толықтай зерттеген болар.

— Бұл жекпе-жекте физикалық дайындық пен психологиялық жағдай қаншалықты маңызды? Боксшылардың бірі жеңіске жету үшін тәуекелге баруы мүмкін бе?

Алидың соңғы жекпе-жегі қыркүйек айында болды, одан бері төрт айға жуық уақыт өтті. Бұл спортшы үшін жеткілікті мерзім. Демалып үлгересің әрі келесі жекпе-жекке тыңғылықты дайындалуға да жеткілікті. Али АҚШ-да жаттықты, бірнеше жақсы спаррингтер өткізді, толықтай дайын деп ойлаймын. Ал психологиялық жағдайға келер болсақ Али жас боксшы емес, біршама қиын кездесулерді өткізген тәжірибелі споршы, сондықтан проблема болмайды деген ойламын.

— Жекпе-жек нәтижесі боксшылардың рейтингтеріне әсер ете ме? Осы жекпе-жектің жеңімпазына қандай мүмкіндіктер ашылады? Сіздің болжамыңыз қандай?

Ахмедовтың рейтингіне айтарлықтай әсер ете қоймас, максимум өз салмақ дәрежесінде үздік отыз боксшы қатарына кірер. Ал жеңілген жағдайда өте төмен құлдырайды, мүмкін топ-300 қатарында да қалмас. Қарсыласы топ-500 қатарындағы спортшы ғой, жеңіп жатса рейтингісін біршама жақсартып алады. Бірақ Али жеңіледі деп ойламаймын, техникалық жеңіске жетер.

— Қай нәтижеге таң қалуыңыз мүмкін?

Али жеңіліп қалса таң қалар едім. Егер мынадай қарсыласты жеңе алмаса чемпион боламын деп армандамай-ақ қоюға болады.

— Жекпе-жек өтетін орын немесе жанкүйерлердің қолдауы маңызды рөл атқара ала ма?

Жекпе-жек өтетін орын әлбетте, рөл ойнайды. Егер лық толы мыңдаған жанкүйерлер алдында өнер көрсетсең жанкүйерлердің қолдауы спортшыға қосымша күш береді, әсіресе есіміңді атап, айқайлап отырса. Бар күшіңді салып, алға ұмтыласың ғой.