Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

«Жәнібектің қарсыласы оңай шағыла салатын жаңғақ емес» – Қанат Ислам Астанада өтетін Әлімханұлы – Нгамиссенге жекпе-жегі туралы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Бүгін Астанадағы «Барыс Аренада» кәсіпқой бокс кеші өтеді. Оның басты жекпе-жегі – Жәнібек Әлімханұлының (16-0, 11 КО) Анауэль Нгамиссенгеге (14-0, 9 КО) қарсы титулдық айқас болмақ. Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерін қорғайды. Оның қарсыласы өзі сияқты жеңілістің ащы дәмін татпаған француз.

Сондай ақ шаршы алаңға танымал қазақстандық боксшылар Сұлтан Заурбек, Батыр Жүкембаев, Ақниет Әлімбай, Әлішер Абдуәлім және Балауса Мұздыман шығады. Көпшіліктің назары – ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырханның кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жектеріне де ауып отыр.

Sport Pulse порталымен тілдескен қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам (29-1, 22 КО) бұл шараның маңыздылығын атап өтіп, басты жекпе-жекке қатысты пікір айтты:

«Қазақстанда осындай ауқымды бокс кештерінің өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Мұндай ірі шараларды ұйымдастыру оңай емес. 2016 жылы мен елімізде тұңғыш рет үлкен жекпе-жектер ұйымдастырдым. Ол кезде 18 мың көрермен жиналды. Ал ресми түрде 9 мың адам сыятын «ЭКСПО»-ға 13 мың адам жиналған. Көрермен ретінде Президент те келді. Біз көптеген жігіттерге мүмкіндік бердік — Жәнібек сол кезде алғаш рет кәсіпқой рингке шықты. Біз Әли Ахмедовке, Айдос Ербосынұлына мықты қарсыластар алып келдік. Бұл өте еңбекқорлықты талап ететін жұмыс екенін білемін.

Әрине, сол кезде бізге үкімет, Бауыржан Оспанов, Алматы әкімі Бауыржан Байбек қолдау көрсетті. Бірліктің арқасында ұйымдастырдық. Қазір өзім де промоутерлік іспен айналысып жүрмін, сондықтан мұндай бокс кешін ұйымдастырудың қаншалықты қиын екенін жақсы білемін. Бұл – еліміздегі кәсіпқой бокстың дамуына қосылған үлкен үлес. Біз бұл жолды бастағанымызға мақтан тұтамыз. Қазір жастардың жалғастырып келе жатқаны қуантады.

Жалпы бұл бокс кеші көрерменге өте қызықты болады деп ойлаймын. Өйткені рингке еліміздің ең мықты боксшылары шығады. Жәнібекке сәттілік тілеймін. Оның қарсыласы – оңай шағылатын жаңғақ емес. Бокс – күрделі спорт түрі, мұнда барлығы ұсақ-түйекке байланысты. Бірақ мен Жәнібектің жеңісіне сенемін. Жақсы жекпе-жек пен әдемі нокаут көргіміз келеді. Барлық боксшыларымызға сәттілік тілеймін».

Бокс кешінің тікелей көрсетілімі бүгін сағат 16:50-де Qazsport телеарнасында басталады.

Басты сурет: Нұрғали Жұмағазы