Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

Жәнібек Әлімханұлы салмақ ауыстыруға дайын екенін мәлімдеді

BoxingScene басылымының мәліметінше, IBF және WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы болашақта басқа салмақ дәрежелерінде жұдырықтасуға дайын екенін айтты.

«Кәсіпқой боксшы болған кезде, мен өз командама кез келген салмақта жұдырықтаса алатынымды айттым. Егер “Канеломен” супер орта салмақта немесе тіпті Дэвид Бенавидеспен аралық немесе жартылай ауыр салмақта кездесу мүмкіндігі туса — мен бұл қадамға дайынмын», — деді қазақстандық боксшы.

Сонымен қатар Әлімханұлы орта салмақтағы басты мақсаты жайлы да пікір білдірді:

 «Менің мақсатым — орта салмақты толықтай біріктіру. Барлық белбеуді алғанша осы салмақта қаламын. Әрине, тиімді ұсыныс түссе, алға жылжимын. Бірақ мен абсолютті чемпион болғым келеді және өзге боксшыларға менен қашуға сылтау қалдырғым келмейді».

Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы жақында Астанада өткен бокс кешінде чемпиондық атақтарын сәтті қорғады. Ол бесінші раундта француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгені нокаутқа түсірді. Бұл оның кәсіпқой рингтегі 17-ші жеңісі болды (12 нокаут).