28.02.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Жабық ойын өтіп, гол соғатын сәттер аз болуы мүмкін – футбол сарапшысы Нүркен Мырзағалиев «Атырау» – «Елімай» матчы туралы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

1 наурызда Қазақстан премьер-лигасының жаңа маусымы басталады. Алғашқы турда өтетін кездесулердің бірі – «Атырау» мен семейлік «Елімай» арасындағы ойын. Матч Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында өтеді.

Футбол сарапшысы Нүркен Мырзағалиев Sport Pulse порталына алдағы ойын туралы өз пікірін айтты:

«Мен 2014-2016 жылдары «Атырау» клубында жұмыс істедім және маусымның басында бұл алаңда көктемде ойнаудың қаншалықты қиын екенін жақсы білемін. Көктемде газон қатты, ал егер ауа райы суытса, жағдай одан сайын қиындай түседі. Константин Горовенко клубтың мүмкіндіктерін ескере отырып, мықты команда жасақтай алды деп ойлаймын. Құрамда қызықты қазақстандық футболшылар бар, олардың биылғы маусымда қалай өнер көрсететінін бақылау қызықты болады. Алайда алғашқы турда жабық ойын күтемін – командалар жаңа ғана оқу-жаттығу жиындарынан оралды, әлі бабына толық келе қойған жоқ.

«Елімай» сапын жақсы күшейтті деуге болады. Бапкер Андрей Карпович әрдайым трансфер жұмыстарына ерекше көңіл бөледі. Құрамы шамамен 50 пайызға жаңарған болуы мүмкін. Командаға румыниялық жартылай қорғаушы Эдуард Флореску қосылды. Ол Румыния чемпионатында жақсы өнер көрсетті, Иран клубтарына ауысу мүмкіндігі болған, бірақ нәтижесінде Қазақстан чемпионатын таңдады.

Жабық ойын өтіп, гол соғатын сәттер аз болуы мүмкін. Тіпті матчтың 0:0 есебімен тең аяқталуына немесе бір команданың минималды жеңісіне таңғалмаймын».

«Атырау» – «Елімай» кездесуі 15:00-де басталады. Тікелей көрсетілімді «Sport Plus Qazaqstan» арнасынан тамашалауға болады.

Бұған дейін осы ойын туралы пікірін спорт журналисі және комментатор Димаш Төлегенов айтқан болатын.

Басты сурет: «Елімай» ФК баспасөз қызметі