25.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Зарина Дияс Португалиядағы ITF турнирінің жартылай финалына шықты

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Зарина Дияс Португалиядағы ITF турнирінің жартылай финалына шықты

Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Португалияның Фигейра-да-Фош қаласында өтіп жатқан ITF турнирінің жартылай финалына сенімді түрде жолдама алды. Ширек финалда ол жергілікті спортшы Франсишка Жорженің тас-талқанын шығарып, 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетті.

Жүлде қоры 100 000 АҚШ долларын құрайтын бұл турнирге ондаған елден теннисшілер қатысуда. Дияс негізгі сеткадан бастап жарысқа қосылып, ширек финалға дейін бірде-бір матчта жеңілмеді. Турнирдің басты фавориті саналған швейцариялық Селин Неф алғашқы айналымда-ақ жарыстан шығып қалды.

239-орында тұрған Франсишка Жоржемен болған матч 1 сағат 13 минутқа созылды. Ал Зарина қазір WTA рейтингінде 269-сатыда. Жартылай финалда қазақстандық теннисші Тайландтан келген Ланлана Тараруди мен ресейлік Мария Тимофеева арасындағы жеңімпазбен кездеседі.

Зарина Дияс — Қазақстанның тәжірибелі теннисшісі. Ол бұған дейін әлемнің үздік 50 теннисшісінің қатарына енген. 2023 жылы мансабына үзіліс жасағанымен, 2024 жылы турнирлерге қайта оралды. Қазіргі таңда Дияс ITF сериялы жарыстарға қатысып, рейтингін жақсартып, WTA турнирлерінің негізгі кезеңіне шығуды мақсат етуде.