03.10.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

World Boxing пен IBA арасындағы таңдау: Головкиннің міндеті қандай?

Бокс әлемінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Бұрын билік құрған IBA-дің дәурені аяқталып, орнына жаңа ұйым келді. Боксты қайта спорт биігіне әкелудің мақсат еткен World Boxing ұйымына Қазақстанның да үлесі болмақ.

World Boxing — 2023 жылы сәуір айында құрылған Халықаралық бокс федерациясы. Бүгінгі таңда оның құрамына 44 елдің бокс федерациясы мүшелікте. Бұл ұйым IBA-ның (Халықаралық бокс қауымдастығы) орнын басу үшін ашылған деседі.

Жуырда Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин осы ұйымның жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы атанған болатын. Қазақстандық маман жаңа қызметінде World Boxing жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты халықаралық спорттық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуге көңіл бөледі. Сонымен қатар, оның комиссия басшысы ретіндегі басты міндеттерінің бірі  — боксты  Олимпиада ойындарының бағдарламасында қалдырып, World Boxing ұйымын ХОК мойындауы үшін Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз әріптестік орнату болмақ. Өйткені Париж Олимпиадасынан кейін бокс 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасынан алынып тасталды. Геннадий Головкин басты әрі негізгі міндеті боксты Олимпиада бағдарламасына қайтару.

«Менің кәсіби спортшы ретінде жиған тәжірибем World Boxing жұмысын бір жүйеге келтіреріне сенемін және күшімізді біріктіре отырып, бокстың дамуына жаңа серпін бере аламыз. Бірақ алда біз атқаратын жұмыс көп», — деп атап өтті Геннадий Головкин.

Халықаралық Олимпиада комитеті мен Халықаралық бокс қауымдастығының арасындағы кикілжің бокс жанкүйерлеріне мәлім дүние. Сонау 2016 жылы басталған түсініспеушілік 10 жылға жуық уақыт өтсе де шешілер емес. Тіпті, ХОК 2019 жылы IBA-ның мүшелігін тоқтатып, Токио-2020 және Париж-2024 Олимпиадаларына бокстан іріктеу турнирін өзі өткізді.

Boxing Women's 57kg Quarterfinal

Головкин World Boxing ұйымына қызметке келген соң бірден Қазақстан бокс федерациясы мүшелікке ену үшін өтініш білдірді. Бұл шешім бірінші кезекте отандық боксшылардың Олимпиадалық болашағымен тікелей байланысты.

«Қазір бокстың Олимпиада бағдарламасында қалу мәселесі ХОК деңгейінде талқыланып жатыр. Боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтап қалу мақсатында барлық елдермен ортақ жұмыс жасауға дайынбыз.Бұл шешім боксты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді деп санаймыз.

World Boxing Олимпиадалық Комиссиясының төрағасы, Ұлттық Олимпиадалық Комитет президенті Геннадий Головкинмен кездесу барысында Отандық бокстың даму жолдарын талқыладық», — деді ҚБФ басшысы Шахмұрат Мүтәліп.

Бұған қоса, Азия бокс конфедерациясы қараша айында IBA-дан World Boxing ұйымына өту мәселесін қарастырады.