21.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Волейболдан Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатындағы алғашқы матчын өткізді

Волейболдан Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатындағы алғашқы матчын өткізді

Волейболдан ерлер арасында Қазақстан жастар құрамасы (U21) 2025 жылғы әлем чемпионатында алғашқы ойындарын өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Турнир Қытайдың Цзяньмэнь қаласында басталып, біздің құрама алғаш рет жастар арасындағы дүниежүзілік біріншілікке қатысып отыр. Айта кетейік, Қазақстан – осы жарыстың жалғыз дебютанты.

Отандастарымыз В тобында өнер көрсетуде. Қазақстан құрамасы алғашқы ойында қазіргі әлем чемпионы Иран құрамасымен кездесіп, 1:3 есебімен жеңіліс тапты (19:25, 25:21, 23:25, 17:25). Қазақстандық ойыншылар сапында ең көп ұпай жинағандар Клим Рюхов пен Әділ Сүлеймен болды.

Бұл топта тағы Польша, Пуэрто-Рико, Канада және Оңтүстік Корея командалары бар. Топтағы алғашқы төрт орын иелері 1/8 финалға шығады, қалғандары жұбаныш плей-офф кезеңінде ойнайды.

Қытайдағы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне 24 құрама қатысуда. Олар төрт топқа бөлініп, әр командаға қарсы бір ойыннан өткізеді.

Келесі матчта қазақстандықтар 22 тамыз күні Канадаға қарсы алаңға шығады.