Жеңілмеген қазақстандық боксшы Виктор Теміров (6-0, 4 КО) жақын күндері Германияның Квакенбрюк қаласында кәсіби рингтегі кезекті жекпе-жегіне шығады.
24 жастағы Теміровтың қарсыласы — поляк боксшысы Адам Цесляк (8-24-1, 3 КО). Ол бұған дейін жоспарланған Матеуш Павловскидің (3-4, 2 КО) орнына тағайындалды.
Орта салмақтағы жекпе-жек алты раундқа жоспарланған. Германияда өнер көрсетіп жүрген қазақстандық спортшыны жергілікті жанкүйерлер «Қасапшы» лақап атымен таниды және Геннадий Головкинмен салыстырады — әйгілі GGG де кәсіби мансабын осы елде бастаған болатын.