Оқу уақыты: 3 мин

«Венгрияны жеңбесек – чемодандарды жинауға тура келеді» – Артем Буланов Қазақстан үшін шешуші болғалы тұрған ӘЧ-ғы матч туралы

«Венгрияны жеңбесек – чемодандарды жинауға тура келеді» – Артем Буланов Қазақстан үшін шешуші болғалы тұрған ӘЧ-ғы матч туралы

13 мамырда Қазақстан ұлттық құрамасы 2025 жылғы хоккейден әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі үшінші ойынын өткізеді. Қарсылас – Венгрия құрамасы.

Бірінші ойында Норвегияны 2:1 есебімен тізе бүктіріп, екінші матчта Германиядан 4:1 есебімен ұтылған Қазақстан үш ұпайға ие. Құрама В тобының бесінші сатысында тұр. Ал Венгрия екі ойында да жеңіліп, әзірге бірде-бір ұпай жинай алмады. Бірінші турда немістерге 6:1 есебімен есе жіберді, ал АҚШ құрамасынан 6:0 есебімен ойсырай ұтылды.

Sport Pulse арнасымен тілдескен хоккей сарапшысы, «Головой об лед» бағдарламасының жүргізушісі Артем Буланов Қазақстан құрамасына Венгрияға қарсы ойында жеңілуге болмайтынын атап өтті:

— Бұл кездесуде Қазақстан – анық фаворит. Егер біз Венгрияны жеңе алмасақ, онда кімді жеңеміз? Жеңілсек – заттарымызды жинап, бірінші рейспен Астанаға қайту керек.

Сарапшы құраманың шабуылдағы әлсіздігіне тоқталды:

— Венгрия құрамасы алғашқы екі ойында 12 шайба жіберіп алып, ірі жеңіліске ұшырады. Бірақ маңыздысы ол емес. Соңғы 10 ойынды алсақ, олар бізден екі есе көп шайба соққан. Бұл турнирдегі басты мәселеміз – шабуылдағы сәтсіздік. Турнирге дайындық кезінде де осылай болды. «Головой об лед» бағдарламасында «Ресей 25» құрамасының бапкері Роман Ротенберг те бұл туралы айтып өткен – шайба соғу бізге өте қиынға түсіп жатыр. Мен онымен келісемін. Біз ойыншы саны бойынша басымдыққа ие болғанда ғана шайба саламыз, не болмаса Роман Старченко бірдеңе ойлап табады деп үміттенеміз. Басқа амалымыз аз. Азия ойындарынан кейін шабуылдағы креатив жоғалып кеткендей. Бұл Гонконг емес, одан мықты командаларға шайба соғудың әлдеқайда қиын екенін көрсетеді.

Роман Старченко №48. Сурет: Қазақстан хоккей федерациясы 

Артем Булановтың пікірінше, Қазақстан келесі ойында фаворит саналғанымен, Венгрияға қарсы матч өте қиын болмақ:

— Венгрияны жеңеміз деп ойлаймын, бірақ бұл біз үшін оңай болмайды. Қатты қиналатын, ауыр матч болады. Есеп 3:2 немесе екі шайба айырмашылықпен басымдық танытамыз деп болжаймын. Егер жігіттер шабуылда бірдеңе ойлап таппаса, онда әрине өте қиын болады. Бірақ біздің командада бір күндік демалыс бар, Дмитрий Бреус келеді, ол шабуылға жылдамдық қосады. Сол жылдамдықтың арқасында 90 пайыз жеңіске жетеміз деп сенемін.

Дмитрий Бреус. Сурет: Қазақстан хоккей федерациясы 

Сарапшы бұл матчта команданың рухани дайындығы шешуші роль атқаратынан да айтты:

— Венгрия – бұл топтағы ең әлсіз қарсылас. Жігіттер де мұны жақсы түсінеді. Әлем чемпионаты басталмай тұрып олармен әңгімелестім, барлығы камераға әр матч маңызды деп айтты. Ал камера жоқта: «Біз үшін финал – Венгрия. Жеңіске жетсек– элитада қаламыз», – деді. Сондықтан барлығы бұл ойынды финал ретінде қабылдайды. Қазақстан хоккейінің VIP тұлғалары түгел келді. Егер жеңіс болмаса немесе негізгі уақытта ойын тең аяқталса – мұның өзі біз үшін сәтсіздік деп санаймын. Ондай жағдайда киім ауыстыру бөлмесінде ойыншылар қатты сөз естиді. Сол себепті тек жеңіс үшін ойнаймыз. Бірақ оңайға соқпайтыны анық. Өйткені, өкінішке орай, шабуылда әзірге тек екі нұсқа ғана бар.

Қазақстан – Венгрия матчын тікелей эфирде «Qazsport» телеарнасы көрсетеді. Ойынның басталуы – Қазақстан уақыты бойынша 23:20.