25.11.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Валенсия жойқын су тасқынынан кейінгі алғашқы матчта жеңіске жетті

Сенбі күні «Месталья» стадионында өткен матчта Валенсия командасы көптен күткен футболға оралып, Реал Бетисті 4:2 есебімен жеңді. Бұл ойын қазан айында аймақта болған жойқын су тасқынының құрбандарына арналған ерекше матч болды. Су тасқыны 220-дан астам адамның өмірін қиған болатын.

Бұл Валенсияның 29 қазаннан бері аймақ қатты жаңбыр мен су тасқынынан зардап шеккеннен кейін өткізген алғашқы ойыны еді. Клуб матчты зардап шеккен аудандарға қаражат жинау және қаза тапқандарды еске алу мақсатында ұйымдастырды. Ойын басталар алдында стадиондағы жанкүйерлер мен футболшылардың көңілдері босап, көз жасына ерік берді.

Бас жаттықтырушы Рубен Бараха ойыннан кейінгі сұхбатында:
**»Мен не айтарымды білмеймін. Бұл менің футболдағы ең эмоционалды сәттерімнің бірі,»** – деп мойындады.

Ойынның алғашқы голын қорғаушы Сесар Таррега соқты. Оның отбасылық үйі Альдаядағы су тасқыны кезінде қатты зардап шеккен. Команданың жеңісінде Уго Дуро мен Диего Лопес те өз үлестерін қосты. «Бетис» командасының атынан Чими Авила бір гол соқты.

Матч алдында үлкен аймақтық ту ойын алаңын жауып, командалар қара түсті лентамен құрмет көрсетті. Трибуналарда зардап шеккен ауылдар мен қалалардың атаулары жазылған үлкен баннер орналастырылды.

«Эмоциялар мен атмосфера керемет болды. Бұл жеңіс барлық құрбандар мен зардап шеккендерге арналады,» – деді Бараха.

Су тасқыны салдарынан Валенсияның қазан айындағы бірнеше матчы кейінге қалдырылған болатын. Клуб матчтан түскен барлық қаражатты ең көп зардап шеккен қалаларды қолдауға және қалпына келтіруге бағыттайтынын мәлімдеді.

Жұмада жарияланған соңғы мәліметтер бойынша, табиғи апат салдарынан 221 адам қайтыс болып, тағы бес адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Қираған үйлер мен кәсіпорындарды қалпына келтіру бірнеше айға созылады деп болжануда.