Оқу уақыты: 3 мин

«Ұпай, мәртебе және аман қалу үшін айқастар»: Freedom QJ League өкілі ҚПЛ-ң 10-турына болжам жасады

«Ұпай, мәртебе және аман қалу үшін айқастар»: Freedom QJ League өкілі ҚПЛ-ң 10-турына болжам жасады

24-ші мамырда Қазақстан премьер-лигасының 10-шы тур ойындары басталады.

Турнир кестесінде «Ақтөбе» 10 ойыннан кейін 25 ұпаймен көш бастап тұр. Оның ізін «Қайрат» (23 ұпай) пен «Астана» (21 ұпай) қуып келеді.

Freedom QJ League-ның медиа-маркетинг үйлестірушісі Әділет Талғатбек арнайы Sport Pulse үшін алдағы демалыс күндері өтетін ойындарға болжам атып, жанкүйерлер нені ескеруі керек екенін түсіндіріп берді.

Қайрат – Оқжетпес

— Бұл матчтан не күтуге болады?

— «Қайрат» екі рет қатарынан ұшыраған жеңілістен кейін бұл ойында жанкүйерлер алдында ақталуға тырысады. Қателіктерге қарамастан, алматылықтар әлі де ҚПЛ-ның ең нәтижелі командасы және өз алаңында сенімді ойнайды. «Оқжетпес» бұл маусымда батыл ойынымен таң қалдырып жүр – тұрақты түрде гол соғып, фавориттерден қорықпайды. Алайда, қонақтардың қорғанысы креативті қарсыластарға қарсы жиі сыр береді.

Болжам: «Қайрат» 2:1 есебімен жеңіске жетеді.

«Қайрат» ФК

Астана – Жеңіс

— Бұл ойынның нәтижесі ірі есеппен аяқтала ма?

— «Астана» көшбасшылық амбициясын сақтап отыр және өз алаңында, әсіресе аутсайдерлерге қарсы, сенімді өнер көрсетеді. «Жеңіс» – әлі күнге дейін жеңіске жете алмаған жалғыз команда және чемпионатта шабуыл шебінде ең әлсіз ойын көрсетіп жүрген ұжым. Пірәлі Әлиевтің шәкірттері қорғанысқа сүйенеді, бірақ бұл «Астана» деңгейіндегі командаларға қарсы матчта нәтиже көрсету үшін жеткіліксіз. Томасов пен Чинеду ойын тағдырын жеке шеберліктерінің арқасында шешіп кетуі ықтимал.

Болжам: «Астананың» 2:0 есебімен сенімді жеңісі.

Ордабасы – Ұлытау

— «Ұлытау» Шымкентте сенсация жасай ала ма?

— «Ордабасы» керемет формада және өз алаңында әрдайым агрессивті әрі нәтижелі ойнайды. «Ұлытау» әлі жеңіске жете алмай жүр, әрі лигада шабуылы ең әлсіз командалардың бірі. Шымкенттіктердің класы мен тәжірибесі әлдеқайда жоғары, олар матч тағдырын бірінші таймда-ақ шешуге тырысады. Қонақтар қатты қысымнан алаң ортасынан да аса алмай қиналуы мүмкін.

Болжам: «Ордабасы» 3:0 есебімен жеңеді.

«Ордабасы» ФК

Жетісу – Ақтөбе

— «Ақтөбе» сырт алаңда аутсайдерге қарсы кездесуде көшбасшылықты сақтай ала ма?

— «Жетісу» маусымның басынан бері жеңіске жете алмай келеді және өте сирек гол соғады. Ал «Ақтөбе» керісінше, турнир кестесінде көш бастап тұр және қиын матчтарда да ұпай жинауды біледі. Дегенмен, талдықорғандықтар өз алаңында ұпай үшін жақсы күресіп, тығыз қорғаныс ұсына алады. Бұл шайқаста көшбасшы бұл қорғанысты бұзудың жолын іздейді.

Болжам: «Ақтөбе» 1:0 есебімен басым түседі.

Атырау – Қайсар

— Дағдарыста жүрген қос команданың кездесуінен не күтуге болады?

— «Атырау» 11 матчтың 9-да ұтылып, әр ойында гол жіберуде – ҚПЛ-дағы ең тұрақсыз қорғаныс. «Қайсар» да жарқырап тұрған жоқ, бірақ шешуші матчтарда ұпай алып жүр. Екі команда да шабуылда қиналады және қателік жасаудан қорқады. Сондықтан сақтықпен өтетін ойын күтіледі. Қарсыластар тәуекел етуден аулақ болуы ықтимал.

Болжам: 1:1 есебімен аяқталатын тең ойын.

«Атырау» ФК

Қызылжар – Елімай

— Бұл турдың ең болжап болмайтын ойыны деп айтуға бола ма?

— Қос команда Кубокта кездесіп, «Қызылжар» пенальти сериясында «Елімайды» жеңіп кетті. Чемпионатта семейліктердің ойыны петропавлдықтарға қарағанда жақсы. Дегенмен, «Қызылжар» өз алаңында сенімді, әсіресе деңгейлес қарсыластарға жеңіле бермейді. Бұл ойында алаңның ортасында допқа иелік ету үшін күрес және стандарттар маңызды рөл ойнайды.

Болжам: 1:1 есебімен аяқталатын тең ойын.

Тұран – Тобыл

— «Тұран» «Тобылға» қарсы сәтсіз сериясын тоқтата ала ма?

— «Тобыл» біртіндеп бабына еніп, үйлесімді футбол көрсетіп жүр – олар «Астана» мен «Ақтөбені» жеңген. «Тұран» өз алаңында кез-келген командаға лайықты қарсылық көрсетуге қабілетті, бірақ сәттерін жиі жіберіп алады. Қос ұжымның кездесулерінде де басымдық «Тобылда»: 6 матчтың 5-інде қостанайлықтар жеңіске жеткен және бірде-бір рет жеңілмеген. Түркістандықтар ашық ойнауға тәуекел етпейтін шығар, ал «Тобыл» барын салып, көп күш жұмсамай ақ нәтиже шығаруға тырысады.

Болжам: 2:0 есебімен «Тобыл» жеңіске жетеді.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!