Оқу уақыты: 1 мин

ҰОК Азия ойындарының делегация басшыларына арналған семинарға қатысты

ҰОК Азия ойындарының делегация басшыларына арналған семинарға қатысты

Бахрейнде III жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары-2025 ұйымдастыру комитетінің бастамасымен Делегация басшыларына арналған семинар (Chief de Mission Seminar) өтті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) қолдауымен ұйымдастырылды. Оған Азия елдерінің 45 Ұлттық Олимпиадалық комитетінің өкілдері қатысты.

Қазақстан ҰОК-нің атынан халықаралық форумға Спорт департаментінің бас менеджері Роман Теміржанов пен Халықаралық қатынастар департаментінің жетекші менеджері Санжар Шаймерден қатысты. Олардың бұл іс-шараға қатысуы 2025 жылғы 22–31 қазан аралығында Бахрейнде өтетін III жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарына дайындық кезеңінің бір бөлігі болды.

Семинар барысында делегаттарға алдағы ойындарға дайындықтың қазіргі барысы туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Әсіресе, спортшылар мен ресми тұлғалардың жайғасуы, көлікпен қамтамасыз ету, аккредитация, медициналық қызмет және қауіпсіздік талаптары секілді мәселелерге ерекше көңіл бөлінді.