09.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Ұлттар лигасының финалында жанкүйер қайғылы қазаға ұшырады

Ұлттар лигасының финалында жанкүйер қайғылы қазаға ұшырады

Мюнхеннің «Альянц Арена» стадионында Испания мен Португалия құрамалары арасындағы Ұлттар лигасының финалы кезінде қайғылы оқиға орын алды — Гармиш-Партенкирхен ауданының тұрғыны трибунаның орта қабатынан құлап кетті.

Ер адам алдымен төменгі қабатқа, содан кейін медиа-аймақтағы баспалдаққа құлап — алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Тергеуді бастаған Мюнхен полициясы оқиғаның қылмыстық сипаты жоқ екенін мәлімдеді.

«Медициналық бригаданың барлық күш-жігеріне қарамастан, зардап шегуші өкінішке орай, 00:06-да қайтыс болды. Біздің ойымыз осы қиын сәтте оның жақындарымен бірге», — делінген УЕФА мәлімдемесінде.

«Жанкүйердің қазасына байланысты терең көңіл айтқым келеді. Бұл бізге өмірде шынымен маңызды нәрсені еске салады», — деді Испания құрамасының бас бапкері Луис де ла Фуэнте.

Негізгі уақыттағы 2:2 есебінен кейін пенальти сериясында Португалия құрамасы 5:3 есебімен жеңіске жетті. Португалдықтардың бапкері Роберто Мартинес болған жағдайды «өте қайғылы жаңалық» деп атады, ал құрама өкілі бұл қайғылы оқиға «олардың жеңісіне көлеңке түсірді» деп қосты.