Оқу уақыты: 1 мин

UFC-ге үміткер, жеңіліп көрмеген қазақстандық спортшы әйгілі реванш туралы ойымен бөлісті

UFC-ге үміткер, жеңіліп көрмеген қазақстандық спортшы әйгілі реванш туралы ойымен бөлісті

30 мамыр күні өтетін NAIZA 73 турнирінің басты оқиғасында Қазбек Сағын мен Бағдат Жұбаныш арасында көптен күткен қарымта кездесу өтеді. Айтулы реванштың қарсанында NAIZA лигасының бұрынғы чемпионы және TUF 33 реалити-шоуның қатысушысы Әліби Ідіріс өз ойымен бөлісті:

«Жалпы, Бағдаттың дайындығы мықты. Қазбекпен де Осетияда бірге болдым, оның да дайындығы жақсы. Бірақ Бағдат пен Қазбектің мансаптарындағы соңғы жекпе-жектерге қарасақ, Бағдат үш-төрт кездесу өткізді. Көп тәжірибе жинап үлгерді. Қазбектің өмірінде спорттан бөлек кетіп қалған тұстары болды, бұл фактор әсер етуі мүмкін. Дегенмен, менің ойымша, жақсы жекпе-жек болады. Бірақ 55-те 45 қатынасында Бағдат жеңеді деп отырмын. Командаласым болғаны үшін емес, Қазбекті де спортшы ретінде сыйлаймыз. Менің соңғы жекпе-жектерге сүйене отырып айтуым — 55-те 45 Бағдат осы жекпе-жекте ұтуы керек деп ойлаймын».

Айта кетейік, екі жауынгер алғаш рет 2023 жылдың маусым айында NAIZA 52 турнирінде 52 келі салмақта чемпиондық белбеу үшін кездескен. Жекпе-жек төрешілердің екіге бөлінген шешімімен Қазбек Сағынның пайдасына аяқталды. Алайда бұл шешім жанкүйерлер мен сарапшылар арасында үлкен дау туғызды, ал Бағдат Жұбаныш нәтижемен келіспейтінін ашық айтты. Екінші жекпе-жек 2025 жылдың 30 мамырында Қарағанды қаласында өтетін NAIZA 73 турнирінде жоспарланған.