Оқу уақыты: 2 мин

Уэльске қарсы матчта Қазақстанның басты қаруы жылдамдық болады – спорт журналисі Данияр Әділбек

Уэльске қарсы матчта Қазақстанның басты қаруы жылдамдық болады – спорт журналисі Данияр Әділбек

Наурыздың 22-нен 23-не қараған түні Қазақстан құрамасы «Кардифф Сити» стадионында 2026-жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Уэльспен кездеседі. Бұл матч Әли Әлиевтің командасы үшін маңызды сынақ болмақ, себебі «J» тобындағы бәсеке өте тартысты өтпек.

Уэльс кейбір көшбасшы ойыншыларының жарақаттарына қарамастан, топа фавориттердің бірі саналады. Дегенмен, Қазақстан аяқдопшылары қарсыластың әлсіз тұстарын пайдаланып, Кардиффтен маңызды ұпайлар әкетулеріне мүмкіндігі бар.

Уэльстің басты күші мен әлсіз тұстары қандай? Қазақстан ұлттық құрамасы қандай мәселеге ерекше назар аударуы тиіс? Аарон Рэмзидің матчқа қатыспуы ойынның тағдырына қаншалықты әсер етуі мүмкін?

Бұл сұрақтарға спорт журналисі Данияр Әділбек Sport Pulse порталына берген сұхбатында жауап берді:

«Уэльстің бас бапкері Крэйг Беллами Қазақстанға қарсы өтетін ойынға жартылай қорғаушы Аарон Рэмзи қатыспайтынын растады. Футболшы жарақат алған. Алайда, бұл жағдай бізге жеңіл болады дегенді білдірмейді. Уэльс – Англия Чемпионшипі мен Премьер-лигасының ойыншыларынан құралған мықты құрам. Сондықтан оларды әлсіреген қарсылас деп санау дұрыс емес.

Қазақстанға келер болсақ, біз Әли Әлиевтің басқаруындағы команданың толық мүмкіндігін әлі көрген жоқпыз. Сондықтан оның ойын үлгісі қандай болатыны белгісіз. Бірақ екі маңызды факторға назар аударған жөн.

Біріншісі – физикалық дайындық. Әлиев қарқынды жаттығу жүйесімен танымал, әсіресе биікке секіру, төзімділікке бағытталған әдістер. Сондықтан құрамамыз матчқа жақсы физикалық дайындықпен келеді деп ойлаймын.

Екіншісі – шабуыл схемасы. Мен дәстүрлі бір орталық шабуылшы тактикасынан гөрі, бірнеше футболшының шабуыл шебіне белсенді араласқанын көргім келеді. Құрама сапында техникасы мықты, әрі жылдам ойыншылар – Дастан Сәтпаев, Максим Самородов және Ислам Чесноков бар. Уэльстің қорғаушылары ірі болғанымен, аса жылдам емес. Сондықтан біз үшін ең тиімді қару – жылдамдық.

Сонымен қатар, маған белгілі ақпарат бойынша, жаттықтырушылар штабы Уэльс пен Лихтенштейнге қарсы матчтардан кем дегенде 4 ұпай жинау мақсатын қойып отыр. Бұл біздің футболшыларға қосымша мотивация береді».

Кардиффтегі ойын Қазақстан құрамасы үшін нағыз сынақ болғалы тұр. Әлиевтің шәкірттері жігерлік танытып, қарсыластың әлсіз тұстарын пайдалана ала ма? Әлде Уэльс фаворит мәртебесін дәлелдей ме? Бұл сұрақтардың жауабын жақын арада білеміз.

Тікелей көрсетілім 23-наурызда сағат 00:35-те Qazsport телеарнасында басталады.

Бұған дейін, Sport Pulse порталына сұхбат берген ұлттық құраманың және «Жеңіс» клубының қорғаушысы Асхат Балтабеков те Уэльске қарсы өтетін матчқа қатысты өз ойын айтты.