22.03.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Уэльс-Қазақстан: ӘЧ-2026 іріктеу кезеңінің матчы алдында

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Бүгін түнде Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчында Уэльспен кездеседі. Бұл кездесу Қазақстан үшін маңызды болмақ, себебі топтағы сәтті бастау болашақ ойындарға да сенімділік сыйлайды.

Кездесу 23 наурызға қараған түні, Астана уақытымен 00:45-те басталады. Матч Уэльстің Кардифф қаласындағы «Кардифф Сити» стадионында өтеді.

Бұл матчқа Литвадан келген төрешілер бригадасы қызмет етеді:

  • Бас төреші: Донатас Румшас
  • Көмекшілері: Александр Радиуш және Довидас Сужиделис
  • VAR төрешісі: Манфредас Шименас

Али Әлиев бапкерлігіндегі Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңін сәтті бастауды көздейді. Ұлттық құраманың жас әрі дарынды ойыншылары бұл кезеңде өздерін дәлелдеп, жаңа тактикалық мүмкіндіктерді пайдаланады деген сенім бар. Қазақстан құрамасы өткен жылы кеткен қателіктерден сабақ алып, кемі бір ұпай еншілеуді мақсат етіп отыр.

Уэльс құрамасы да бұл кездесуге үлкен дайындықпен келеді. Соңғы жылдары олар ірі турнирлерге қатысып, Еуропаның мықты командаларының бірі ретінде танылды. Құраманың басты жұлдыздары Гарет Бэйл секілді ойыншылар ұлттық командадан кеткенімен, олардың орнын басар жас таланттар жеткілікті.

Наурыз айында Қазақстан құрамасы бірнеше сенсациялық жеңістерге жеткен:

  • 2007 жыл – Сербияны 2:1 есебімен жеңді
  • 2016 жыл – Данияны 3:2 есебімен тізе бүктірді
  • 2019-жыл – Шотландия (3:0) есебімен басым болды
  • 2021 жыл – Солтүстік Ирландияны 1:0 есебімен ұтты

Бұл статистика Қазақстан құрамасының наурыз айында күтпеген нәтижелер көрсете алатынын дәлелдейді.

Қазақстан құрамасының соңғы нәтижелері:

— Норвегия – Қазақстан 5:2
— Қазақстан – Австрия 0:2
— Қазақстан – Словения 0:1
— Австрия – Қазақстан 4:0
— Словения – Қазақстан 3:0

Уэльс құрамасының соңғы нәтижелері:

— Уэльс – Исландия 4:1
— Түркия – Уэльс 0:0
— Уэльс – Черногория 1:0
— Исландия – Уэльс 2:2
— Черногория – Уэльс 1:2

Болжам бойынша Қазақстан құрамасы мына құрамда өнер көрсетеді:

  • Қақпада: Сейсен
  • Қорғаныста: Вороговский, Әліп, Марочкин, Жұмаханов, Тапалов
  • Жартылай қорғаныста: Тағыберген, Мужиков, Жуков
  • Шабуылда: Самородов, Жақсылықов

Бұл ойын Қазақстан құрамасы үшін үлкен сынақ болмақ. Уэльс құрамасы өз алаңында мықты ойын көрсетеді және соңғы алты ойында жеңілмей келеді, бірақ Қазақстан құрамасы да соңғы жылдары өз деңгейін көтеріп, мықты қарсыласқа айналып келеді. Дегенмен соңғы ойындарда жеңіске жете алмауда. Егер Қазақстан қорғаныста сенімді ойнап, шабуылда өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланса, кемі бір ұпай алуға жақсы мүмкіндік бар.

Қазақстан құрамасының жанкүйерлері үшін басты сұрақ – шабуыл шебінде кім ойнайды және команда қалай тактикалық тұрғыда орналасады? Али Әлиевтің ойын жоспары матч нәтижесіне үлкен әсер етеді.

Уэльс пен Қазақстан арасындағы бұл кездесу екі команда үшін де маңызды. Қазақстан құрамасының жанкүйерлері командадан жақсы нәтиже күтуде. Жас әрі талантты ойыншыларымыз тактикалық тұрғыдан жақсы ойын көрсетсе, бұл матчта сенсация күтуге болады.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!