17.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Туринде сегіз гол екінші таймда соғылды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Туринде сегіз гол екінші таймда соғылды

Чемпиондар лигасының 2025/26 маусымындағы ең әсерлі матчтарының бірі Туринде тіркелді. «Ювентус» пен дортмундтық «Боруссия» тең тарқасты — 4:4. Ерекшелігі сол, барлық сегіз гол екінші таймда соғылды. Opta Sports дерегінше, бұл – турнир тарихындағы ең нәтижелі екінші тайм.

52-минутта Адейеми есеп ашқанымен, араға көп уақыт салмай Йылдыз таразы басын теңестірді. Кейін ойын нағыз гол алмасуға ұласты: Нмеча «Боруссияны» қайта алға шығарды, бірақ Влахович есепті тең етті. Содан соң Коуто мен Бенсебаинидің голдары немістерді 86-минутта 4:2 есебімен алға шығарған. Алайда туриндіктер соңғы сәтте жанкүйерлерін қуантты: Влахович дубль авторы атанып, қосымша уақытта Келлидің соққысы «Ювеге» тең ойын сыйлады.

«Ювентус» сапынан Йылдыз, Влахович (екі рет) және Келли көзге түссе, «Боруссия» құрамында Адейеми, Нмеча, Коуто және Бенсебаини гол соқты.

Өткен маусымда «Ювентус» 1/8 финал алдындағы плей-офф кезеңінде ПСВ-ға жол берсе, «Боруссия» ширек финалда «Барселонадан» ұтылған еді.