Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

«Тұран» және «Астана» жеңеді, ал «Қайратқа» оңай болмайды. Сарапшы ҚПЛ-дың 4-турына болжам жасады

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
«Тұран» және «Астана» жеңеді, ал «Қайратқа» оңай болмайды. Сарапшы ҚПЛ-дың 4-турына болжам жасады

5 сәуірде Қазақстан премьер-лигасының төртінші тур ойындары басталады. Үш турдан кейін турнирлік кестеде 7 ұпаймен алматылық «Қайрат» көш бастап тұр. Алматылықтармен бірдей ұпай жинаған «Ақтөбе» мен «Астана» сәйкесінше екінші және үшінші орында. Турнирдің үздік сұрмергені – «Астананың» жартылай қорғаушысы Марин Томасов, оның еншісінде 4 гол бар.

Sport Pulse порталына эксклюзивті сұхбат берген спорт журналисі Данияр Әділбек алдағы матчтардан не күтуге болатынын айтты:

Оқжетпес – Тобыл

– Қорғаныста сенім ойнап жүрген «Тобыл» аяқдопшылары «Оқжетпесті» тоқтата ала ма?

– Бірінші лиганың чемпионы және премьер-лигаға жаңа қосылған «Оқжетпес» жақсы өнер көрсетіп жүр. Қазақстандық маман Ферапонтовтың жетекшілігімен көкшетаулықтар жас ойыншылар мен тәжірибелі футболшыларды біріктірді. Олар «Тобылға» лайықты қарсылық көрсете алады деп ойлаймын.

Жанкүйерлер мен сарапшылардың басым бөлігі Еурокубок ойындарына басы қатпаған және бұрынғы бапкерінің жетекшілігінде жүрген «Тобыл» чемпионатты сенімді бастайды деп болжаған еді. Бірақ қостанайлықтар турнир кестесінде әзірге 4-ші орында тұрғанымен, ойын сапалары күткендегідей емес.

Сурет: «Тобыл» ФК

Жетісу – Жеңіс

– «Жеңіс» үш турда жеңілмеген команда, бірақ тек бір ғана гол соқты. Талдықорғаннан жеңіспен оралуға мүмкіндіктері бар ма?

– «Жетісу» бұл ойынды Алматыдағы «Хан-Тәңірі» стадионында өткізеді, сондықтан жанкүйерлер қолдауының жетіспеуі әсер етуі мүмкін. Әзірге Самат Смақовтың шәкірттері қандай деңгейде екені белгісіз.

«Жеңіс» фаворит болып көрінеді, себебі ол бапкерін сақтап қалды және қорғаныста сенімді ойнайды. Ал «Жетісу» әзірге шабуылдағы күшін көрсете алған жоқ.

Астана – Ордабасы

– Сапында үздік сұрмергендер көшін бастаған Марин Томасов бар «Астана» командасын «Ордабасы» қалай тоқтатпақ?

– Маусымаралық кезеңде шымкенттік ұжым үміт артуға болатын команда ретінде көрінді. Бірақ, маусым басталысымен қиындықтарға тап болды. Клуб ішіндегі мәселелер ойындарына әсер етуі мүмкін. Оларға уақыт керек.

Ал «Астана» – жүйелі команда, сондықтан аса қиындық көрмеуі тиіс. Бірақ «Ордабасы» бұл ойында өз беделін қалпына келтіруге мүмкіндік ала алады.

Сурет: «Ордабасы» ФК

Қызылжар – Тұран

– Екі команда да тұрақтылықтан алыс. Бұл матчтың шешуші факторы не болуы мүмкін?

– «Тұранда» басымдық бар, өйткені командада қалыптасқан негізгі құрам және тәжірибелі бапкер Виталий Жуковский бар. Қыста клуб күшейтілді: құрамға Стасевич пен қақпашы Хаткевич қосылды. Жуковский оларды жақсы біледі, сондықтан шешуші позицияларда сенімді ойыншылар бар.

Ал «Қызылжар» әзірге бұл деңгейде емес. «Тұран» бұған дейін «Ақтөбе» мен «Қайратқа» лайықты қарсылық көрсете білді, сондықтан бұл ойында да үш ұпай алу мүмкіндігі жоғары. Тек «Тобыл Аренадағы» сапасы нашар алаң оларға кедергі келтірмесе болғаны.

Ақтөбе – Қайсар

– «Ақтөбе» аяқдопшылары «Атырауды» ойсырата жеңді. Енді алда «Қайсар» күтуде. Қос команда туралы не айтасыз?

– Өткен турдағы жеңіс «Ақтөбенің» мықтылығын көрсетті ме, әлде «Атыраудың» әлсіздігін бе – әлі нақты айту қиын. Бірақ «Ақтөбе» тұрақтылыққа қайта оралып келеді деген үміт бар.

«Қайсар» – жігерлі команда, әрі оны көптеген бейтарап жанкүйерлер қолдайды, себебі командада тек қазақстандық футболшылар өнер көрсетуде. Бұл олардың қосымша мотивациясы.

Оқжетпес – Қайсар матчы

Елімай – Ұлытау

– Қай команданың жеңіске жету мүмкіндігі жоғары?

– «Елімай» үшін ойын кестесі қолайлы еді, бірақ команда маусымды сенімсіз бастады. Алғашқы турдағы жеңіліс және жақында «Тобылға» қарсы соңғы минуттарда қол жеткізілген тең ойын – барлығы Андрей Карповичтің шәкірттеріне әлі де сенім ұялтпайды.

Алайда «Ұлытауға» қарсы матч олар үшін жақсы мүмкіндік. «Астана Аренада» (әзірге өз алаңы) тәжірибе мен шеберліктің арқасында семейліктер үш ұпайды алуы тиіс.

Атырау – Қайрат (16-турдың кейінге шегерілген матчы):

– «Атырау» турнир көшбасшысына лайықты қарысылық көрсете ала ма?

– Атырауда ойнау қиын, себебі алаңының сапасы нашар, ауа райы да әсер етеді. Өткен турда жергілікті команда«Ақтөбеден» 0-4 есебімен ойсырай жеңілді, бұл олардың 2010-жылдан бергі үйдегі ең ірі жеңілісі болды. Дегенмен, атыраулықтар өз алаңында кез-келген деңгейдегі командалармен күресе алады.

Ал «Қайратқа» бұл матчта оңай болмайтыны анық. Александр Широбоков ойыннан шеттетілді, сондай-ақ Сантана, Гадрани, Садыбеков алған жарақаттарынан кездесуге қатыса алмайды.

Дегенмен «Қайрат» сапында шеберлігі жоғары Зариа, Жоао Пауло сияқты ойыншылар бар. Сондықтан алматылықтар фаворит, бірақ өткен аптада «Ақтөбе» сияқты оңайшылықпен жеңіске жетеді деп ойламаймын»

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!