29.10.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Түркістанда Азиалық Qazaq Kuresi Ассоциациясы құрылды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Түркістанда Азиалық Qazaq Kuresi Ассоциациясы құрылды

Түркістан қаласында Qazaq Kuresi Ассоциациясы Атқарушы комитетінің отырысы өтті.

Азия чемпионаты аясында ұйымдастырылған бұл басқосу ұлттық спорттың стратегиялық бағытын айқындап, халықаралық деңгейдегі жаңа бастамалардың негізін қалаған маңызды жиын болды.

Кеңес барысында қазақ күресін Азия ойындарының ресми бағдарламасына енгізу мәселесі талқыланды. Олимпиадалық Кеңестің (OCA) талабына сәйкес, қазақ күресі Азияның кемінде 25 елінде дамуы және 12 мемлекет чемпионаттарға тұрақты қатысуы тиіс. Сонымен қатар, допингке қарсы саясат, гендерлік теңдік және бірыңғай төрелік жүйе болуы міндеттеледі.

Qazaq Kuresi Ассоциациясының президенті Дамир Бекбосыновтың айтуынша, бүгінде бұл талаптардың басым бөлігі орындалған. Қазіргі таңда қазақ күресі 15-тен астам елде тұрақты түрде дамып келеді, төрешілер UWW жүйесі бойынша лицензия алуда, ал жаңартылған Ереже халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.

Жиынның ең маңызды жаңалығы – Азиалық Qazaq Kuresi Ассоциациясының құрылуы болды. Бұл жаңа ұйымның мақсаты – Азия құрлығындағы барлық ұлттық федерациялардың жұмысын үйлестіру, бірыңғай жарыс күнтізбесін бекіту және спортшылардың халықаралық деңгейде аттестациядан өтуін қамтамасыз ету.

Азиалық Qazaq Kuresi Ассоциациясының президенті болып Үндістан өкілі Хариш Тияги, ал бас хатшысы болып Парвин Тияги сайланды.

Жиын соңында Дамир Бекбосынов қазақстандық және шетелдік федерацияларға нақты тапсырмалар беріп, ұлттық спортты әлемдік деңгейге шығару жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.