17.06.2025
Оқу уақыты: 5 мин

Топ-5 лигадағы қызықты және расталған трансферлер

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Топ-5 лигадағы қызықты және расталған трансферлер
Жаз келсе – трансфер жаңалықтары басталады! Дәстүр бойынша жаз айлары басталса, футболдағы ауыс-түйістер назардан тыс қалмайды. Бұл жолы назарларыңызға Топ-5 лигадағы қызықты және расталған трансферлердің алғашқы бөлігін ұсынамыз.
1. Эрик Дайер – «Бавариядан» «Монакоға» (еркін агент)
Эрик Дайер 15 мамырда алғашқылардың бірі болып клуб ауыстырды. «Бавариядағы» келісімшарт мерзімі аяқталған соң, ол мансабындағы алғашқы трофейін Кейнмен бірге ұтып, Мюнхенмен қош айтысты. Дайердің стилі бастапқыда «Баварияның» жоғары қорғанысына сәйкес келмесе де, маусымның екінші жартысында Упамекано жарақат алған соң лайықты алмастыра білді.
Қазір 31 жастағы ағылшын қорғаушы «Монакомен» 3 жылдық келісімге қол қойды. Француз клубының орталық қорғанысы соңғы жылдары сенімсіз ойнап жүргендіктен, Дайердің тәжірибесі мен тактикалық сауаты маңызды рөл ойнауы мүмкін.
2. Джонатан Та – «Байерден» «Баварияға» (еркін агент)
«Бавария» өз қорғанысын нығайтуды ұмытқан жоқ. Леверкузеннің көшбасшысына айналған Джонатан Та — Бундеслигадағы ең мықты және жылдам қорғаушылардың бірі. 10 жыл ішінде ол 196 см бойымен ғана емес, статистикасымен де көзге түсті:
  • Жекпе-жектерде жеңіс – 60%
  • Әуедегі допта – 70%
  • Пас дәлдігі – 96%
  • Соңғы екі маусымда 7 гол соққан
Физика мен техниканы үйлестіре алатын сирек ойыншылардың бірі.
3. Дин Хёйсен – «Борнмуттан» «Реал Мадридке» (58 млн еуро)
Қорғанысқа қатысты тағы бір ірі трансфер – 20 жастағы голландиялық Дин Хёйсен. Оны бірнеше клубтар көздегенімен, ол «Реал Мадридті» таңдады.
Өткен маусымда «Реалдың» қорғанысы жарақаттардан қатты зардап шекті, сондықтан мұндай трансфер ұзақ күтілген болатын. Хёйсеннің позициялық ойыны, жекпе-жектегі шеберлігі әлі де даму үстінде, бірақ допты шабуылға алып шығу, алғашқы пас және орта алаңға дейін допты жеткізу қабілеті — оның басты артықшылықтары. Ол бала кезінде отбасымен Испанияға көшіп келген, биыл наурызда Испания ұлттық құрамасы сапында алғашқы ойынын өткізді.

 

4. Джереми Фримпонг — «Байерден» «Ливерпульге», (35 млн еуро)
Ағылшын Премьер-лигасын трансферсіз-ақ жеңіп алған «Ливерпуль» («Ювентустан» келген Федерико Кьезаны қоспағанда) жазғы нарыққа белсенді кірісті де, бірінші кезекте оң жақ қорғаушыға назар аударды. Таңдау «Байердің» жұлдызы Джереми Фримпонгқа түсті.
Фримпонг формалды түрде Трент Александер-Арнолдтың позициясына алынғанымен, екеуінің функционалы кереғар, Трент – пас арқылы шабуылды өрбіте­тін плеймейкер, ал Фримпонг – жылдам спринттерімен қапталды тіліп өтетін классикалық винг-бек. Оның жоғары орналасуы кейде «Ливерпульдің» оң қанатындағы Салах аймағына кіріп кетуі мүмкін, сондықтан жаңа бас бапкер Арне Слот алдағы маусымда екі жұлдызды бір қапталға сыйғызудың тактикалық шешімін табуы тиіс. Қалай болғанда да, 35 млн еуроға осындай әмбебап қорғаушы алу – сәтті трансфер.

 

5. Марк Флеккен — «Брентфордтан» «Байерге», (10 млн еуро)
Кадрларын Еуропа алыптары талап жатқан «Байер» тек сатумен шектелмей, өз кемшіліктерін де жедел түзеп жатыр. Қақпашы позициясын күшейту үшін клуб «Брентфордтың» 31 жастағы голландиялық кипері Марк Флеккенді небәрі 10 млн еуроға Германияға қайтарды.
Англияда екі маусым бақ сынаған Флеккен алғашқы жылы керексіз голдар жіберіп, сынға ұшыраса, соңғы маусымда сейвтер саны бойынша топ-қақпашылар қатарына қосыла білді. Соған қарамастан, «Брентфорд» басшылығы толық сенім білдірмеді, ал «Байерға» келісу оңайға түсті. Енді голландиялық қақпашы кем дегенде үш жыл бойы Леверкузеннің соңғы шебі үшін жауап береді.

 

6. Куивин Келлехер — «Ливерпульден» «Брентфордқа», 15 млн еуро
«Брентфорд» клубы Флеккенмен оңай қоштасқандай көрінгенімен, оның орнын басатын қақпашыны алдын ала келісіп қойған. Ол – «Ливерпульдің» 26 жастағы солтүстік ирландиялық қақпашысы Куивин Келлехер.
Алиссон жарақат алған сәттерде Келлехер сенімді ойын көрсете білді, ал жанкүйерлер алаңсыз отыра беретін. Әсіресе Куивин пенальти тосу шеберлігімен көзге түскен. Бірақ ұзақ уақыт бойы екінші қақпашы болудан шаршаған Келлехер тұрақты ойын тәжірибесін іздеді. Оның үстіне «Ливерпульге» грузиялық қақпашы Мамардашвили келе жатыр деген ақпарат тараған соң, Келлехер үшін жаңа клуб табу қажеттілігітуды. Титулды, тәжірибелі әрі әлі жас ойыншы ретінде ол «Брентфорд» үшін тамаша трансфер.

 

7. Луис Энрике — «Марсельден» «Интерге», 25 млн еуро
«Интер» үшін өткен маусым ауыр аяқталды — үш титул үшін күрескенімен, ешбірін жеңе алмады. Бұл жағдай бас бапкер Симоне Индзагиге де ауыр тиді. Жанкүйерлердің үмітін ақтай алмаған соң, ол клубтан кетіп, Таяу Шығысқа аттанды.
Дегенмен, өмір жалғасады. Клубтың бас директоры Пеп Маротта жобаны қайта іске қосып, барлығын басынан бастауды жөн деп санайды. Алғашқы трансфер де жүзеге асты — «Марсельден» Луис Энрике сатып алынды. Айта кетерлігі, бұл трансфер Индзаги кеткенге дейін жасалған. Клуб оны жедел түрде алып, бапкерді клубта қалуға көндіргісі келді, бірақ Симоне шешім қабылдап қойған еді.
23 жастағы Энрике – техникасы жоғары, оң аяқты шабуылшы. «Марсельде» көбіне сол қапталда немесе оң қанат қорғаушысы (латераль) позициясында ойнады. Оның жан-жақты ойыны «Интердің» флангтағы шабуылдарына жаңа серпін беретіні анық.

 

8. Матеус Кунья — «Вулверхэмптоннан» «Манчестер Юнайтедке», 74 млн еуро
Трансферлік терезе ашыла сала «Манчестер Юнайтед» алғашқы ірі келісімін жасап үлгерді. Қызыл сойқандар сапын Матеус Кунья толықтырды — бұл шабуылда жылдамдық, дриблинг және күтпеген сәтте гол соғу қабілетімен ерекшеленетін әмбебап ойыншы.
26 жастағы бразилиялық бірнеше ел мен клубты көріп үлгерді, «Лейпциг», «Атлетико», «Герта», ал соңғы жылдары «Вулверхэмптонда» нағыз сенімді сұрмергенге айналды. Өткен маусымда 15 гол соқты.
Кунья — позиция таңдамайтын шабуылшы. Бірақ оның басты минусы – қорғанысқа қайтуы мен прессингте әлсіздік танытады. Оны бекерге АПЛ-дің басты «жаяу жүргіншісі» деп атамайды. Дегенмен, шабуылда шешуші ойыншы қажет болғанда дәл сол қажет кезде пайда бола алады. «МЮ» үшін бұл шабуылды жаңғыртатын трансфер болмақ.

 

9. Лиам Делап — «Ипсвичтен» «Челсиға», 35,5 млн еуро
«Челси» шабуыл шебіндегі мәселелерін шешу үшін тағы бір жас талантты қатарға қосты. Бұл — «Манчестер Сити» академиясының түлегі, 22 жастағы Лиам Делап.
Ол — «Челсидегі» Коул Палмермен бірге өскен, бірге жастар арасында турнирнерле доп тепкен. Пеп Гвардиола оны «дәстүрлі британ шабуылшысы» деп атаған. Тіпті әзілмен: «оны тоқтатқың келсе, мұрнын сындыру керек, әйтпесе гол соғып кетеді» дегені бар.
Осы маусымда Чемпионшипке ұшып кеткен «Ипсвич» сапында 12 гол соқты. Алайда «Челси» — басқа деңгей. Мұнда кеңістіктер аз, доппен көп жүгіру мүмкін болмайды. Сондықтан Делап өзін жаңа тактикалық жүйеде дәлелдеуі тиіс. Әзірше бұл — аванспен жасалған трансфер.

 

10. Том Бишоф — «Хоффенхаймнан» «Баварияға», еркін агент
2024/25 маусымындағы Бундеслиганың басты жаңалығы — Том Бишоф. Неміс футболының жаңа жұлдызы қысқы трансфер кезінде-ақ «Бавариямен» ауызша келісімге келген болатын. Енді ол Мюнхен сапына ресми түрде қосылды.
Бишоф — әмбебап жартылай қорғаушы. Ол «Хоффенхаймда» допты тартып алу, шабуыл алдындағы пас және бос кеңістікке жылдам ашылу жағынан статистикада үздіктер қатарынан табылды. Бір маусымда 6 гол, 3 ассист жасап, тұрақтылығымен көзге түсті.
Бойы – 176 см, физикалық тұрғыдан орташа. Бірақ ойынға қосатын үлесі, позициялық сауаты және алаңдағы көрегендігі «Бавария» сияқты клубта үздік ойыншыға айналдырды. Еркін агент ретінде алынғанын ескерсек — өте тиімді трансфер.