13.10.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Төрехан Сабырханның даулы ауысуының мән-жайы белгілі болды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Төрехан Сабырханның даулы ауысуының мән-жайы белгілі болды

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырханның жеке бапкері Ілияс Оралбеков шәкіртінің Түркістан облысы құрамасынан кетуіне байланысты туындаған дау туралы алғаш рет егжей-тегжейлі айтып берді. Бұл туралы «Күнгей.кз» YouTube-арнасы хабарлады.

Бапкердің айтуынша, жанжалдың басты себебі — спортшыға көрсетілген әділетсіздік болған.

«Біздің Бауыржан деген досымыз бар, ол бізді Оралға шақырды. Сол кезде Төрехан әлем чемпионы, Азияның төрт дүркін және Қазақстанның бес дүркін чемпионы болатын. Соған қарамастан, Түркістан облысында оған бір рет те марапат берілген жоқ. Сонда ол маған: “Тренер, менің қатарластарым пәтер, көлік, сыйақы алып жатыр. Неліктен мен жоқпын?” — деді. Оның сөзінде шындық бар еді: сол деңгейдегі басқа балаларға шынымен де сыйақылар беріліп келген», — дейді Оралбеков.

Осы жағдайдан кейін команда Сабырханға лайықты жағдай жасайтын өңір іздей бастаған. Бапкердің сөзінше, қолдау көрсетуге ниет білдірген Бауыржан жаттығу мен даму үшін барлық жағдайды ұйымдастыруға уәде берген. Дегенмен, Орал мен Атырауда нақты келісімге келу мүмкін болмаған.

«Содан кейін біз Шымкент әкіміне жүгіндік. Қазір осындамыз. Бауыржан да Шымкентке көшіп келді, бірге жұмысымызды жалғастырып жатырмыз», — деді ол.

Бұған дейін Төрехан Сабырхан Түркістан облысының құрамасынан Атырау облысына ауысатынын мәлімдеген еді. Алайда кейін бұл шешімін өзгертіп, Шымкент қаласын таныстыратынын хабарлады.

Спортшы мұндай шешім қабылдауға өңірлік спорт басқармасынан жеткілікті қолдау болмауы себеп болғанын айтқан. Бұл жағдайға Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов та пікір білдірді.