01.03.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Тобылдың» құрамы өткен маусымға қарағанда күштірек – футбол сарапшысы Нүркен Мырзағалиев алдағы «Тобыл» – «Ұлытау» матчы туралы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

1 наурызда Қостанайда Қазақстан премьер-лигасының жаңа маусымы басталады, жергілікті «Тобыл» турнирдің дебютанты – жезқазғандық «Ұлытауды» өз алаңында қабылдайды.

Лигаға қосылған жаңа команда бұл маңызды сынақтан қалай өтеді? Қостанайлықтар фаворит мәртебесін дәлелдей ала ма? Sport Pulse порталы командалардың жеңіске жету мүмкіндігі жайлы футбол сарапшысы Нүркен Мырзағалиевпен сұхбаттасты.

«Тобыл» – чемпиондыққа үміткер командалардың бірі

«Тобыл» тұрақты түрде чемпиондыққа немесе, ең болмағанда, жүлделі орындарға таласатын командалар қатарында. Клуб сапалы трансферлік жұмыс атқарды. Ең үлкен күшейтулердің бірі – Беларусь шабуылшысы Николай Сигневич. Ол өткен маусымдағы ең үздік шабуылшылардың бірі болды. Бойы ұзын, екінші қабаттағы күресте мықты, аз мүмкіндіктің өзін тиімді пайдаланады.
Шабуыл шебінде тағы бір маңызды ойыншы – Эль-Мессауди өз орнында қалды. Қорғаныс күшейтілді: командаға Темірлан Ерланов пен Черногория құрамасының оң қаптал қорғаушысы Марко Вукчевич қосылды. Ал жартылай қорғанысқа былтырғы маусымда ең үздік прессинг жасаған және қарсыластан допты жылдам тартып ала алатын ойыншылардың бірі болған Виктор Брага келді. Ол бастапқыда «Жетісу» сапында ойнап, кейін Венгрия чемпионатына ауысқан, ал қазір қайта оралды. Сондай-ақ Ислам Чесноков командада қалды, бұл да тұрақтылықты арттырады. Жалпы, «Тобыл» өткен жылғыдан да мықты көрінеді. Сонымен қатар, жаттықтырушылар құрамы өзгеріссіз қалды – Нұрбол Жұмасқалиевтің идеялары түсінікті, команда өз стилін дамытуын жалғастырады.

«Ұлытау» өз мүмкіндіктерін барынша пайдаланды

«Ұлытау» қолда бар ресурстарды – қаржылық және кадрлық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланды. Олар негізінен қазақстандық ойыншыларға, бірінші лига футболшыларына сенім артты, өйткені жергілікті ойыншылар нарығы шектеулі. Үздік футболшылар көбіне «Ақтөбе», «Тобыл», «Қайрат», «Астана» секілді топ-клубтарды таңдайды. Сондықтан «Ұлытау» танылып үлгермен ойыншылар арасынан күшейту жолдарын іздеді. Қорғаныстың негізгі құрамын сақтап қалды, сондай-ақ тәжірибелі қақпашы Дмитрий Непогодовты қатарға қосты. Оның қазіргі физикалық деңгейі белгісіз, бірақ Қазақстан құрамасындағы тәжірибесі командаға көмектесуі мүмкін. Клубты элитаға шығарған бас бапкер Егор Азовский қызметінде қалды – жаңа деңгейде өзін қалай көрсететіні қызықты болады.

Алайда бұл матчта айқын фаворит – «Тобыл». Өз алаңында, «Тобыл Аренада» алаң иелері сенімді түрде жеңіске жетуі керек. Дегенмен, көп гол күтуге болмайды – көктемгі футбол әрдайым нәтижелілікпен қуанта бермейді.

«Тобыл» – «Ұлытау» матчы 18:00-де басталады. Тікелей эфирді «Qazsport» арнасынан көруге болады.

Бұған дейін Нүркен Мырзағалиев «Ордабасы» – «Ақтөбе» матчы туралы пікір білдірген еді.

Сурет vseprosport.kz сайтынан алынды