07.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Тимур Тайбеков Азия чемпионатының жартылай финалына шықты

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Тимур Тайбеков Азия чемпионатының жартылай финалына шықты

Қазақстандық боксшы Тимур Тайбеков Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан U19 жастар арасындағы Азия чемпионатында жартылай финалға жолдама алып, кем дегенде қола жүлдені қамтамасыз етті.

80 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ширек финалдық жекпе-жекте Тайбеков Түрікменстан өкілі Сапаргельды Нурягдыевпен қолғап түйістірді. Тимур жекпе-жекті белсенді бастап, бірінші раундтан-ақ бастаманы өз қолына алды. Ал екінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберіп, толық үстемдік көрсетті. Қазылардың бәрі жеңісті бір ауыздан қазақстандық спортшыға берді.

Осылайша Тайбеков жартылай финалға өтіп, Қазақстан қоржынына тағы бір медальды еншіледі. Ал Нурягдыев турнирді жүлдесіз аяқтады.

Жартылай финалдық жекпе-жектер 8 тамызда, ал финалдар 10 тамызда өтеді.