30.09.2025
Оқу уақыты: 2 мин

«Тенденцияны өзгерте алмай жүрдік, бүгін Адам көмектесті». Аңсар Шайхмедденов «Адмиралмен» ойын, жеңіс пен өзі соққан шайба туралы

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Тенденцияны өзгерте алмай жүрдік, бүгін Адам көмектесті». Аңсар Шайхмедденов «Адмиралмен» ойын, жеңіс пен өзі соққан шайба туралы

«Барыс» «Адмиралға» қарсы ойында алғаш болып есеп ашты әрі команда бірде-бір айып уақытын алған жоқ. Матчта соғылған үш  шайбаның екеуінАңсар Шайхмедденовтің үштігі ұйымдастырды. Ойыннан кейін шабуылшы SportPulse сайтына сұхбат беріп, матчқа қорытынды жасады.

Бүгін ойынның басынан бастап қарсыластың әр бестігіне қарсы ойнадық. Мысалы, мен Гераськин сияқты ойыншыларға қарсы ойнадым. Маусым басынан бері барлық ойында қарсылас бірінші болып есеп ашатын, әр жиналыс сайын бапкерлер осы туралы айтатын. Бірақ, біз бұл тенденцияны өзгерте алмай жүрдік, бүгін Адам көмектесті деп ойлаймын.

— Қақпашыларға тоқталсақ, биыл Андрей Шутовта да, енді Адам Шилда да нәтижелі ұпай бар. Мұндай жағдай сирек кездеседі ғой.

— Иә, қақпашылар өз жұмыстарын жақсы атқарып жүр. Ал біз қорғаныстан бірден шабуылға ауысуға тырысамыз, сондықтан қақпашыларымыз да нәтижелі ұпай еншіледі.

Бүгін біразға дейін есеп ашылмады. Төрешілер есепке алмаған шайба да болды.

— «Адмирал» — өте тәртіпті команда. Бас бапкерінің тапсырмасын бұлжытпай орындайды. Сондықтан матчтың басында екі команда бір-бірінің ойынын бақылап, сақтықпен ойнауға тырысты деп ойлаймын. Ал одан кейін Мэйсон, Логвиннің арқасында жақсы голдар соқтық.

— Тәртіпке келер болсақ, бүгін командадан ешкім айып уақытын алмады. Бұған не себеп?

— Бапкерлер әрбір жиналыс сайын тәртіп жөнінде айтады. «4-ке 5», «3-ке 5» форматтарында қалай ойнау керек екенін қараймыз. Бірақ, әр жиналыстың соңында бапкерлер: «Ең жақсысы – тәртіп бұзбай ойнау» деп айтады. Бүгін соны іске асырдық десем болады.

Сан басымдығы кезінде ойнайтын екінші құрам тек қазақстандық ойыншылардан жасақталған. Бүгінгі артық құрамдағы ойын мен өзің соққан шайба туралы не айтасың?

— Маусымалды ойындарынан бастап артық құрамда шығатын екінші бестік осылай жасақталды. Алғашқы матчтарда өз мүмкіндіктерімізді жақсы жүзеге асырғанбыз, ал қазір қарсыластар ойынымызды зерттеген, сондықтан сәл қиындау. Дегенмен, алда бапкерлер бізге қалай ойнау керектігін айтып, гол соғамыз деп ойлаймын. Ал өзім соққан шайбаға келер болсақ, оны да ойын алдында жиналыста көрсеткен. Қарсылас аймағында шайба ойынға қосылғаннан кейін, шайбаны алған хоккейшіге екі ойыншы барады. Ал орталықтағы ойыншы жалғыз қалады. Екінші кезеңде де дәл осындай сәт болған, алайда мен ол кезде соққы жасамадым. Содан кейін бапкер соққы жасау керек екенін айтты. Осы жолы соққы жасауға ыңғайсыз болса да, мүмкіндікті қолдандым және гол.

Автор: Әсем Мерекеқызы