04.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Темірлан Мұқатаев Азия чемпионатының жартылай финалына жолдама алды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Темірлан Мұқатаев Азия чемпионатының жартылай финалына жолдама алды

Бангкокте (Таиланд) өтіп жатқан World Boxing ұйымы аясындағы 2025 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық боксшы Темірлан Мұқатаев жартылай финалға шықты.

22 жасқа дейінгі спортшылар сынға түсетін турнирдің 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ол қытайлық Куо Чаомен кездесіп, сенімді жеңіске жетті. Жекпе-жек үшінші раундта аяқталды — Қытай боксшысының бұрышы айқасты жалғастырудан бас тартып, төреші кездесуді тоқтатты.

Осылайша, Мұқатаев жартылай финалға шығып, кем дегенде қола жүлдені қамтамасыз етті.

Айта кетейік, Темірлан Мұқатаев бұған дейін де 2025 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы атанған. Сәуір айында Астанада өткен финалда ол өзбекстандық Самандар Жалоловты техникалық нокаутпен жеңіп, өз дивизионындағы ең үміт күттіретін боксшылардың бірі екенін дәлелдеген еді.