05.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Темірлан Анарбеков: «Қапаға гол өткізбей жеңіске жеткім келді»

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Темірлан Анарбеков: «Қапаға гол өткізбей жеңіске жеткім келді»

Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков өзінің алғашқы ресми матчы жайлы әсерімен бөлісті. Оның дебюті 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Уэльспен (0:1) өткен ойында болды, деп хабарлайды Sport Pulse.

Анарбеков бірнеше күн бұрын аяғында аздап ауырсыну болғанын, алайда дәрігерлердің көмегінен кейін толықтай дайындықпен алаңға шыққанын айтты:
«Сәл ауырсыну болды, бірақ дәрігерлер көмектесті. Ойынға жүз пайыз дайын болдым», — деді ол Qazsport арнасына берген сұхбатында.

Қақпашы ұлттық құрамадағы алғашқы матчы ерекше эмоция сыйлағанын жасырмады:
«Қуаныш, жауапкершілік сезімі болды. Мақсатым — қақпама гол жібермеу және командамен бірге жеңіске жету еді», — деді Анарбеков.

Кездесу «Астана Аренада» өтіп, Уэльс құрамасы минималды есеппен жеңіске жетті.