Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

Тастанбек Есентаев Астанада академия неге салынбағанын түсіндірді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Астана» футбол клубының бұрынғы бас директоры Тастанбек Есентаев 2021-2023 жылдары басшылық еткен кезінде елордада футбол академиясын неге сала алмағанын түсіндірді.

Sports24.kz порталына берген сұхбатында ол клубқа елорда маңынан жер бөлінгенін, жобаның таныстырылымы қала әкімінің орынбасарына көрсетілгенін және екі футбол алаңын салып беруге дайын түрік инвесторлары табылғанын айтты.

«Соңында бізге жер берілмеді. Бас тартуға не себеп болғанын да айта алмаймын. Түркиядан инвесторлар хабарласып, барлық құрылыс шығынын өз мойнына алуға дайын екенін айтты. Тек мемлекет жыл сайын 3-5 миллиард теңге бөліп отырса және табыс екі тарапқа тең бөлінсе деген шарттары болды. Бірақ кейін мен қызметтен кеттім, сол себепті басталған істі соңына дейін жеткізе алмадым», — деді Есентаев.

Оның айтуынша, басшылық еткен жылдары клуб бюджеті 3-5 миллиард теңге аралығында болған.

Ал қазіргі бас директор Қайсар Бекеновтің айтуынша, академия салу — демеушілердің немесе ұлттық компаниялардың қолдауымен жүзеге асырылуы тиіс жоба.

«Астана» 10 жылда жеті рет чемпион атанып, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнады, алты рет Еурокубоктарға қатысты. Клубтың алдында сол кезде басқа мақсаттар тұрған, олар толық орындалды», — деді ол журналист Қасымжан Мұқатаевтың подкастында.

Айта кетейік, Тастанбек Есентаев «Астана» клубын 2021 жылдың тамызынан 2023 жылдың сәуіріне дейін басқарды. Оның тұсында команда 2022 жылы ел чемпионы атанды.