23.08.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Тарихи матч: Freedom QJ League All Star – «Атлетико Мадрид»

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Тарихи матч: Freedom QJ League All Star – «Атлетико Мадрид»

23 тамыз күні Алматыдағы «Хан-Теңгри» стадионында Freedom QJ League-тің дәстүрлі «Жұлдыздар матчы» ойыны өтті. Лиганың үздік ойыншыларынан жасақталған QJL All Star құрама командасы Еуропаның алып клубтарының бірі – «Атлетико Мадрид» академиясының тәрбиеленушілерімен кездесті.

QJL All Star құрамының тізімі Лиганың спорт-аналитикалық блогы жүргізген маусым бойғы талдау нәтижесінде жасақталды. Матч алдында команда Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, ойын байланысын пысықтады. Бірнеше күн бұрын екі команда ойыншылары тауда өткен бірлескен гала-кешке қатысып, қонақтар қазақтың ұлттық мәдениетімен танысты.

Билеттер Freedom Ticketon арқылы толық сатылып, трибунаға 2 115 жанкүйер жиналды. Стадион есігі 18:30-да ашылды. Кештің тұжырымдамасы неон эстетикасы мен жаңа технологияларға негізделді: аймақтардың безендірілуі, матч алдындағы интерактивтер мен шоулар осы тақырыпта өтті. Жанкүйерлер Changan x Astana Motors, COPA.KZ, FOOTLAB аймақтарына бару, «Интерактивті гол», VR-аймақ және AI MIRROR сынды цифрлық ойын-белсенділіктерден тұратын алты квестті орындап, арнайы мөр жинады. Барлық тапсырманы аяқтағандарға QJL All Star-ға арнап шығарылған лимитті коллекциядан шопер табысталды. Стадионда фудкорт пен чилл-аймақ жұмыс істеді.

Ойын алдындағы лазерлік шоуда Лиганың алдыңғы жұлдыздар матчтары – Super bol жобасы және «Црвена Звезда» академиясымен өткен кездесулер (QJL All Star – 6:1 және 2:0) сюжетке арқау болды. Кейін жанкүйерлерге КФФ президенті Марат Омаров, Қазақстандағы Испания елшісі Франсиско Мартинес Монтес, Freedom QJ League Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, Қазақстандағы «Атлетико Мадрид» академиясының жетекшісі Шалқар Нұртілеу және Лига президенті Рохус Шох сөз сөйледі. Испания мен Қазақстанның әнұраны шырқалғаннан кейін матч басталды.

Испандықтар бастаманы ерте қолға алып, 9-минутта Гонсало Гросс есеп ашты. Үзілісте көрермендерге би тобы қатысқан екінші лазерлік перформанс ұсынылды. Екінші таймда QJL All Star таразы басын теңестірді: 58-минутта Максат Абраев гол соқты. Нәтиже пенальти сериясында анықталып, қонақтар сәтті болды. Матчтың үздігі – Changan MVP of the Match – павлодарлық «Ертіс» қақпашысы Мадияр Төлеубек атанды.

Кеш соңында чемпионаттың диджей-хедлайнерлері DJ PUZA (Орталық Азия чемпионы) және Freaky Monday негізін қалаушы DJ BURLYAEV қатысқан afterparty өтті.